14:48, 13 Қаңтар 2009 | GMT +5
Мемлекеттік хатшы Қ. Саудабаев Үндістан Республикасы Мұнай және табиғи газ вице-министрі Р. Ш. Пандейді қабылдады
АСТАНА. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ – Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Үндістан Республикасы Мұнай және табиғи газ вице-министрі Рагхав Шаран Пандейді қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жүздесу барысында қазақстан-үнді қарым қатынасының келешегі жайы әңгіме қозғалып, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың алдағы уақытта Үндістан еліне жоспарлаған сапары туралы сөз болды.
«Қазақстан мен Үндістан елі арасындағы қарым қатынас одан да кеңейте әрі дамыта түсуді қажет етеді. Үндістан Қазақстан мемлекеті басшысының бірқатар маңызды бастамаларының, атап айтқанда АӨІСШК мен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезі секілді ауқымды шараларының белсенді қатысушыларының бірі. Осыған орай, алдағы уақытта Дели қаласында екі мемлекет басшыларының жоспарланған кездесуі елдер арасындағы қарым- қатынас тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болмақ. Осының өзі екіжақты ынтымақтастық шараларына тың серпін береді деп ойлаймын», деді Мемлекеттік хатшы. Сонымен қатар, Қ. Саудабаев, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру стратегиясын жүзеге асыруда Үнді елінен тәжірибелер алмасуға қызығушылық танытатынын айтып, осы тұрғыда іскер әріптес ретінде үнділік жоғары технологиялы өнімдердің Қазақстанға тартылуын қолдайтынын жеткізді.
Өз кезегінде мәртебелі мейман Қазақстанмен барлық сала бойынша ынтымақтастықты арттыруға қызығушылықтың бар екендігін атап өтті. «Осы айдың соңына таман Делиде жоспарланған екі мемлекет басшыларының кездесуі еларалық қатынастың жан-жақты дамуына, әріптестік байланыстардың арта түсуіне септігін тигізетініне сенімдімін», деді Р. Ш. Пандей.