Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев АҚШ-тың Канзас штатының губернаторы Сэм Браунбекпен кездесті
ТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев «Ядросыз әлем үшін» атты халықаралық форум аясында АҚШ-тың Канзас штатының губернаторы Сэм Браунбекпен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық мәселесіне қатысты пікір алмасылды. АҚШ губернаторы Қазақстан тарапына маңызды форумға шақырғаны үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар ол Қазақстан мен Мемлекет басшысының Тәуелсіздіктің 20 жылында қол жеткізген жетістіктері жөнінде баяндай келе, еліміздің ядролық қаруды таратпау ісіне үлкен үлес қосып отырғандығын атап көрсетті. Кездесу барысында тараптар сонымен қатар екіжақты қарым-қатынастардың ауыл шаруашылығы, машина құрылысы және гуманитарлық бағыттарда тиімді дамып келе жатқандығын атап өтті.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы Вашингтонға сапарында қол қойылған Қазақстан мен АҚШ арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі келісімі биылғы жылдың шілде айында күшіне енді. Бұл құжат осы салада жаңа қарым-қатынастардың орнығуына жол ашып отыр. Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың «жаңа тарихы» Назарбаев Университетінің АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатуымен байланысты болып отыр. Осыған қарай кездесу кезінде Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев та, губернатор С.Браунбек те Қазақстан мен АҚШ қатынастарын нығайтуға күш салатындықтарын жеткізді.