14:59, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
Мемлекеттік хатшы Корея Республикасының Елшісін қабылдады
АСТАНА-АҚОРДА. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ким Иль Суды оның дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес және Елбасының атынан Қ.Саудабаев оңтүстіккореялық дипломатқа Қазақстан мен Корея арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайтуға және дамытуға қосқан үлесі үшін мемлекеттік награда ? Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын табыс етті. - Біз Сіздің Қазақстан мен Оңтүстік Корея ынтымақтастығын дамытуға қосқан маңызды үлесіңізді жоғары бағалаймыз және болашақта достық қарым-қатынастың жалғаса беретініне сенеміз. Мемлекетіміздің Басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бактың осы жылғы көктемде Астанада өтетін кездесуі біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға жаңа серпін беретініне сенімдіміз, - деді кездесуде Мемлекеттік хатшы.Өз кезегінде Ким Иль Су Қазақстан мен қазақстандықтардың қонақжайлылығы жайлы жарқын естеліктерін мәңгі есте сақтайтынын және Оңтүстік Кореяның Есу қаласындағы ЕХРО-2012 көрмесін өткізу жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын атап өтті.- Біздің Президентіміз Қазақстанмен ынтымақтастықтың келешегін жоғары бағалайды. Біз мұнай-газ саласындағы қатынастарды одан әрі нығайтуға ғана емес, сондай-ақ Қазақстан экономикасын әртараптандыруға қатысуға мүдделіміз. Алдағы сапар барысында Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі іс-қимыл жоспарының қабылдануы осы бағыттағы маңызды қадам болмақ. Қазақстаннан еліме қайтып бара жатқанмен, мен сіздердің елдеріңізге деген ыстық ықыласымды әрдайым есте сақтаймын және алдағы уақытта жаңа кездесулердің боларына үміттенемін, - деді Ким Иль Су.