13:46, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
Мемлекеттік хатшы Норвегия Елшісімен кездесті
АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Норвегияның Қазақстандағы Елшісі Метте Конгсхеммен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жүздесу барысында Мемлекеттік хатшы Қазақстан мен Норвегияның ынтымақтастық қарым-қатынасы жемісті дамып келе жатқанын атап өтті. «Норвегия Үкіметінің биылғы көктемде Қазақстандағы өз елінің толық елшілігін ашуды көздеп отырғаны екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуының көрінісі деп білемін. Әрі бұндай шешімді біз мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастың нығаюына септігін тигізеді деп бағалаймыз, сондай-ақ бұл шара екі елдің өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастығын арттыратын болады», - деді Қ. Саудабаев.
Өз кезегінде Елші Норвегияның Қазақстанмен ынтымақтастыққа ерекше маңыз беретіндігін айта келе, соңғы уақытта қоршаған ортаны қорғау бағытында бірқатар шаралардың атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Екі ел арасындағы бұндай ынтымақтастық негізінен әлем бойынша ядролық қаруды қысқарту және таратпау және ядролық қалдықтарды жою мәселелері бағытында жүргізіліп келеді. Сонымен бірге, М. Конгсхем Норвегияның Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін толық қолдайтынын атап өтті.