Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ҚХР Коммунистік партиясы ОК Хатшылығының хатшысы Лю Юньшанмен кездесті
АСТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев елімізде іссапармен жүрген Қытай Коммунисттік партиясының Орталық комитет Хатшылығының хатшысы, Саяси бюро мүшесі, Қытай Коммунисттік партиясының Орталық комитеті Насихаттау бөлімінің жетекшісі Лю Юньшанмен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар Астана мен Бейжің арасындағы екіжақты ықпалдастық жөніндегі ұстанымдарын, атап айтқанда сауда-экономикалық, шекара ынтымақтастығын пысықтап, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі қатынастар, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқыға салды. Сонымен бірге, Қырғыз Республикасының ағымдағы жағдайы жөнінде пікір алмасты.
«Қазіргі күні Қырғыз еліне көмек көрсетуде жан-жақты күштерді біріктіру Қырғызстандағы және бүкіл аймақтағы тұрақтылықты, экономикалық өрлеуді және қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөлге ие болмақ», - деп атап өтті кездесу барысында Қ. Саудабаев.
Сонымен бірге Астана мен Бейжің арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастықты қозғай отырып, тараптар партияаралық және парламентаралық үнқатысудың маңыздылығына да тоқталды.
Қ. Саудабаев Президент Н. Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның Астанадағы маусымдағы келіссөздері барысындағы тағы да қуаттала түскен қазақстан-қытай стратегиялық әріптестігінің жоғары дәрежесіне назар аударды. Аталған кездесу барысында қазақстан-қытай стратегиялық әріптестігін нығайтуға бағытталған келісімдердің жүзеге асу барысы қарастырылған болатын. Сауда-экономикалық байланыс саласындағы ынтымақтастық бірлескен ірі инфроқұрылымдық жобаларды іске асыру барысымен сипатталады. Осыған орай Қ. Саудабаев жаңа сапалы байланысқа - инновациалық қатынасқа көшудің маңыздылығына мән берді.
Сонымен бірге, сөз арасында СІМ басшысы әңгімелесуші тарапты қазіргі кезде елімізде жүзеге асып жатқан 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасымен таныстырды.
Сондай-ақ, тараптар, Қазақстан мен ҚХР арасындағы шикізаттық емес экономикалық секторлардағы ынтымақтасу бағдарламасына арналған іс-шаралар жоспарын уақытылы жүзеге асыру қажеттігіне де назар аударды.