Мемлекеттік корпорация 522 қызмет түрін ұсынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдеріне айналатын «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы алғашқы кезеңде 522, екінші кезеңде 700-ден астам қызмет түрлерін халыққа ұсынады.
Бұл туралы Мәжілісте «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарау кезінде Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов мәлімдеді. Ол қызмет түрлерін іріктеу үшін ведомствоаралық комиссия құрылатынын, оның құрамына халыққа қызмет көрсететін барлық мемлекеттік органдардың өкілдері кіретінін хабарлады.
«Заң жобасының негізгі мақсаты - мемлекеттік қызмет түрлерін көрсететін бірыңғай провайдер құру, халыққа қызмет түрлерін ұсынуды реттейтін нормаларды заңды түрде бекіту және азаматтарды әлеуметтік қорғау, жер қатынастары және жылжымайтын мүлікті ресімдеу салаларында қызмет көрсету сапасының бірыңғай стандарттарын сақтау»,- деп түсіндірді Сәкен Сәрсенов. Заң жобасын таныстыру барысында «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2016 жылы құрылатыны және оның халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) мен бірнеше мемлекеттік кәсіпорындардың базасында қызмет түрлерін ұсынатын бірыңғай провайдерге айналатыны айтылған еді.
Инвестициялар және даму министрінің орынбасары қазіргі таңда ХҚКО-ы арқылы халыққа 212 мемлекеттік қызметтер қолжетімді екенін атап айтты. - Мемлекеттік корпорация бастапқы кезеңде 522, ал екінші кезеңде 700-ден астам қызмет түрлерін халыққа ұсынады. Бұл қызметтерді мемлекеттік корпорацияға беру шарттарының бірі - оларды оңтайландыру және автоматтандыру болып табылады,- деді ол. Кәсіпорындарды біріктірген соң онда ХҚКО-дың қолданысындағы мемлекеттік қызметтерді көрсетудің бірыңғай стандарттары қолданылады. Мысалы, қазіргі кезде «Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны сағат 9.00-ден 14.00-ге дейін, «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс істейтін болса, ал мемлекеттік корпорацияда барлық қызметтер сенбі күнді қосқанда таңғы 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін көрсетілетін болады.
Мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері жұртқа қызмет көрсетуге өтінім қабылдау, дайын құжаттарды беруден басқа, оларды өңдеумен де айналысады. Шалғайдағы елді-мекендердің тұрғындарына қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін «Қазпошта» АҚ-ның инфрақұрылымы пайдаланылады. «Ауыл тұрғындарының құжат алу мәселесі қалай шешіледі?» деген сауалға Сәкен Сәрсенов: «Ең алдымен, құжат алғысы келген азаматтар ауылдық әкімдікке өтініш береді. Содан кейін ХҚКО-тарының мобильдік бөлімшесіне қажетті құжаттарды жинап әкеледі. Тәртіп бойынша, 5 күн немесе 10 күн ішінде бөлімше қызметкерлері дайын құжатты қолына береді. «Қазпошта» мен корпорацияның арасында арнайы меморандумға қол қойылатындықтан, біз бұл қызмет түрлерін «Қазпоштаның» ауылдық жерлердегі бөлімшелері арқылы жүзеге асырамыз» деп жауап берді. Ағымдағы жылдың 7-ші қазанында Мәжіліс депутаттары заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді.