Мемлекеттік қызметке орналасу кезінде конкурстық рәсімдер өткізу мерзімі 13 жұмыс күніне қысқартылды

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл өзгерістер Бірінші институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында мақұлданды. Олар конкурстық комиссиялардың жұмысын жетілдіруге, сондай-ақ конкурс өткізу мерзімдерін оңтайландыруға бағытталған.
Енгізілген түзетулерге сәйкес, орталық мемлекеттік органдарды қоспағанда, мемлекеттік органдарға конкурстык комиссиялар құруға рұқсат беріледі. Оның құрамына кемінде бес адам тартылуы мүмкін. Бірақ, олардың енді түрлі құрылымдық бөлімшелерге міндетті қатынасы жоқ болса да жарайды.
Бұл жаңалық аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органдарда құрылымдық бөлімшелердің жеткіліксіздігінің салдарынан туындайтын конкурстық комиссия құру мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, мемлекеттік аппараттың үздіксіз жұмысын және бос лауазымдардың орнын уақытылы алмастыру мақсатында құжат қабылдау мерзімдері: ішкі конкурс өткізу кезінде - 5 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне дейін, жалпы конкурс кезінде - 10 жұмыс күнінен 7-ге дейін қысқартылды:
Ішкі және жалпы конкурстарға қатысатын үміткерлердің әңгімелесуден өту мерзімі де сәйкесінше бес жұмыс күнінен үш жұмыс күніне дейін қысқартылды.
Нәтижесінде, конкурстың барлық үш кезеңін өткізу мерзімдері
жалпы 13 жұмыс күніне қысқартылды.
Еске сала кетейік, мерзімдерді қысқарту мәселесі ағымдағы жылдың 8 маусымында өткен министрдің халықпен есептік кездесуінде көтерілген.