«Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы» заң жобасы мақұлданды - Мәжіліс

Мәжіліс мақұлдаған құжат енді Парламент Сенатына жолданады.
Айта кетейік, заң жобасының негiзгi мақсаты мемлекеттiк қызметтер көрсетудi заңнамалық реттеу, мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiне қойылатын бiркелкi талаптарды қамтамасыз ету болып табылады. Бұл ретте көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтер саласындағы мемлекеттік органдар өкiлеттiктерiнiң аражiгiн нақты ажырату, мемлекеттiк қызметтердi, оның iшiнде оларды электрондық нысанда көрсету рәсiмдерiн жетiлдiру шаралары да қарастырылады.
Заң жобасының негізгі жаңалықтарының бірі - мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг, бағалау мен бақылау жүргізу.
Екінші оқылымға әзірлеу барысында депутаттар көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердi алушылардың құқықтарын, сондай-ақ көрсетiлетiн қызметтi берушiлердiң құқықтары мен мiндеттерiн нақты регламенттеудi белгiлеуге қатысты ұсыныстар жасаған. Бұдан бөлек, заң жобасы осы саладағы Үкiметтiң және уәкiлеттi органдардың мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы құзыреттерiн айқындау жөнiндегi жаңа тараумен толықты. Сонымен қатар, көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң стандарттарын, регламенттерiн және тiзiлiмiн әзiрлеуге, олардың мазмұнына қойылатын талаптарды нақтылауға бағытталған түзетулер жасалды.
Сондай-ақ, палата депутаттары мемлекеттiк қызметтер, оның iшiнде оларды халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсету үдерістерiн оңтайландыру мен автоматтандыру жөнiндегi ноталарды нақтылауға, қызметтер көрсету сапасы мен тәртiбi туралы хабардар ету жөнiндегi нормаларды жақсартуға бағытталған түзетулерді де енгiзген.