Мемлекеттік органдардың петицияны қарау мерзімі қысқартылмақ
«Аталған заң жобалары мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың ашық болу дәрежесін кеңейтіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған. Заң жобалары Палатаның 2022 жылғы 7 желтоқсандағы жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды», - деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.
Заң жобаларымен жұмыс барысында депутаттар келесі жүйелі түзетулер енгізді:
- «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорында және оның еншілес компанияларында мемлекеттік әлеуметтік және ғылыми-инновациялық жобаларға, бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын ұлттық жобаларға қатысты, сондай-ақ Қор қайырымдылық көмек көрсеткен кезде қоғамдық бақылауды жүзеге асыру;
- «Назарбаев интеллектуалдық мектептері», басқа да дербес білім беру ұйымдарын қоғамдық бақылау объектілеріне жатқызу;
- қоғамдық бақылау объектісіне барудан бас тарту негіздерін нақты айқындау;
- азаматтарға петиция беру құқығын тек электрондық нысанда ғана емес, қағаз түрінде де беру;
- петицияны орналастыру үшін қажетті дауыстар санын азайту;
- мемлекеттік органдардың петицияны қарау мерзімін қысқарту (орталық мемлекеттік органдар үшін – 60 күннен бастап 40 күнге дейін және жергілікті атқарушы органдар үшін – 20 күнге дейін);
- мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің, сондай-ақ әскери оқу орындары ұландарының, кадеттері мен курсанттарының өмірімен және тұрмысымен танысу үшін олардың отбасы мүшелеріне әскери бөлімдерге, оқу орындарына бару құқығын беру ескерілген.
«Сондай-ақ, заң жобасының тақырыбын өзгерту жөнінде түзету енгізілді. Жұмыс тобына 180-нен астам ұсыныстар келіп түсті, олардың басым көпшілігі қолдау тапты. Азаматтық қоғам, сарапшылар қауымдастығы өкілдері жұмыс тобында жоғары белсенділік танытты. Заң жобасының ең басты мақсаты - Конституцияға сәйкес азаматтардың мемлекет істерін тікелей басқаруға қатысуына жағдай жасау», - деді депутат.