Мемлекеттік тіл - болашақ мәңгілік бірлігімізді қамтамасыз етеді - Елбасы
Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы барысында Ассамблея Төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді. Еске сала кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстан-2050 стратегиясы»: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты күн тәртібімен өтіп жатыр.
«Биыл біздің тілдер туралы заңымыздың қабылданғанына 25 жыл толып отыр. Барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілді білуі - бізді біріктіреді, баршамызды тең етеді. Өзінің ана тілін, сонымен қоса мемлекеттік тілді меңгерген жастар келешекте жақындық пен теңдіктің тетігіне айналады. Болашақта, басқа елдердегі секілді Үкіметтің, мемлекеттің басшылығына ұлтына, тіліне қарамастан тағайындалатын болады, алайда олардың барлығы мемлекеттік тілді білуге тиіс», - деді Н. Назарбаев.
Бұл ретте Елбасы әлемдік тәжірибеден бірқатар мысалдар келтірді. Мәселен, өздерінің француз тілін барлығынан жоғары қойып, аса қастерлейтін Францияның Үкімет басына этникалық испандық келді. Ал бір жылдары ұлты жапон Латын Америкасының президенті болса, Бразилияны бір кездері этникалық чех азаматы басқарған.
«Бұл көпұлтты мемлекетте болуы тиісті дүние. Яғни, мемлекеттік тіл туралы айта отырып, болашақ мәңгілік бірлігімізді сөз етеміз», - деді Н. Назарбаев.