Мемлекеттік тілді дамыту туралы бастамалардың бағын ашуда БАҚ-тар белсенділік танытса игі

біртіндеп үйренуі үшін барлық жағдайларды жасап отыр.
Енді Қазақстан халқы Ассамблеясы ел халқының мемлекеттік тілді меңгеруінің жалпыұлттық үдерісіне басшылық жасауы керек. Ол үшін ешкімге қысым жасамай және ешкімді төмендетпей, қажетті шаралар кешенін жүйелі де табанды жүзеге асыру қажет. ... Мемлекеттік тіл - ол халық бірлігінің негізгі факторы», деді өз сөзінде Н. Назарбаев.
Осы мәлімдемесі арқылы Президент еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтап, этносаралық қарым-қатынасты дамытуда маңызды рөл атқарып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясын ендігі жерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге белсене атсалысуға шақырды. Бұл институт осы уақытқа дейін мемлекеттік тілдің беделін асқақтату үшін қандай жұмыстар жасады, деген сауалға, ашығын айтайық, ауыз толтырарлықтай тұщымды жауап табу қиын. Елбасы тапсырмасынан кейін Ассамблея сілкініп өз елінде, өз жерінде тиісті тұғырына әлі қонбаған қазақ тілін дамыту ісіне белсенді атсалысады деген үміт мол.
Біздіңше жалпы қоғамды, өскелең жас ұрпақты Отанды сүюге, мемлекеттің әрбір құндылықтарын қастерлеуге, патриоттық рухта тәрбиелеуде, сондай-ақ мемлекеттік тілді дамыту ісінде бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) алдыңғы қатардан табылып, бұл істердің игілікті болуы үшін бір атаның баласындай үлес қосулары тиіс. Жоғарыдағы құндылықтардың барлығының төрінде Қазақстандағы мемлекет құраушы ұлт - қазақтардың ғасырлар бойғы алтын қазынасына айналған әрі қазіргі уақытты ұлтты ұйыстырып отырған - қазақ тілі тұр. Бұны, әсіресе, орыс тілді БАҚ өкілдері жете түсінсе дейміз. Алайда, өкінішке қарай, орыс тілді БАҚ өкілдерінің арасында мемлекеттік тіл - қазақ тілінің қоғамдағы орны мен рөлін жете ұғынбайтындар (мүмкін әдейі ұғынғысы келмейтіндер) әлі де болса баршылық сияқты. Елбасы әртүрлі деңгейдегі биік мінбелерден қазақ тілін дамыту туралы талай-талай тұщымды ойлар, пікірлер айтып жүр, жеке өзі бастамашы болып мемлекеттік тілді өркендету үшін қыруар шаруалар тындыруда. Қисынға салсақ, Мемлекет басшысының мемлекеттік тілді дамытуға қатысты айтқан әрбір пікірін ең алдымен БАҚ өкілдері терең түсініп, тұңғиығына бойлап, қоғамға жеткізіп, халықтың құлағына құюы тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл Қазақстанды - Отаным, қазақ тілін - мемлекеттік тіл деп мойындайтын кез-келген БАҚ өкілдерінің жазылмаған заңы, маңызды міндеттерінің бірі болуы керек еді. Алайда, тағы да өкінішке қарай, бұлай болмай тұр. Олай дейтініміз, көбінесе орыс тілді БАҚ өкілдері мемлекеттік тілді дамыту туралы қандай да болмасын маңызды мәлімдемелерге тым салқын қарайды, немесе қазақ тілінің тағдырына қатысты өткен жиындарда төбе көрсетпейді. «Баяғы жартас, бір жартас» болып тұра берсін деген пиғыл басым сияқты олардың арасында.
Тағы бір атап өтерлігі, Қазақстанда тұрып жатқан әрбір этнос мемлекеттік тілді білуі тиіс. Елбасының сөзімен айтқанда, «бұл істің табыстылығы тек мемлекетке ғана емес, сонымен бірге бүкіл қоғамның белсенділігіне де байланысты». Бұл тұтас қоғамның ішінде БАҚ өкілдері де бар. Сондықтан да, орыс тілді БАҚ-тардағы әріптестерімізді қазақ тілін дамыту туралы айтылған әрбір бастамаға құрметпен қарап, соны адал жүрек, шын ниетпен жан-жақты насихаттауға, көрсетуге шақырамыз. Бұдан олардың бәстері артпаса, кеми қоймас.
Бұл күнде бір нәрсе айқын: қазақ тілінсіз Қазақстанның болашағы жоқ. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір Қазақстанда қазақ тілінің салтанат құратыны ақиқат және солай болуы тиіс. Олай болса, Қазақстанды ортақ Отаным деп білетін әрбір қазақстандықтың, мейлі ол қай этностың өкілі болмасын, қандай дінді ұстанбасын, қазақ тілін білуі шарт. Сонымен бір мезгілде өзін демократиялық және зайырлы мемлекет деп жариялаған Қазақстанда осында тұрып жатқан өзге де этностардың құндылықтарын дамытуға қашандағыдай жақсы жағдай жасалатын болады. Бұған Ассамблея сессиясында Н. Назарбаевтың : «Сонымен бір мезгілде біз Қазақстанда тұратын барлық этностардың ана тілдерін, мәдени мұралары мен дәстүрлерін еркін дамыту үшін бұдан әрі қарай да барлық жағдайды жасайтын боламыз», деген сөзі айқын дәлел. Олай болса, азаматтарының теңдігі мен еркіндігі қамтамасыз етілген Қазақстанда келешекте мемлекеттік тілді өркендете отырып, өзге де этностарды өгейсітуге жол берілмейтініне нық сенуге болады. Сенім - табыстың кепілі. Сондықтан, тағы да Елбасының сөзіне жүгінсек, «біз қазақ тілінде сөйлеу қалауы әрбір қазақстандыққа табиғи нәрсе болуы үшін бәрін істеуге тиіспіз». Бұйырса ол күнге де жетерміз. Тек бұл істе Қазақстандағы БАҚ өкілдері тілдік жіктелуге бөлінбей, қоғамның ащы дертін ашық айтып, ақиқаттан аттамай, белсенділік танытса игі болар еді.
«Қазақ» газетінің 1913 жылғы нөмірлерінің бірінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы былай деп жазыпты: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы - тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. ... Мұнан былай да осы бетімізбен жүре берсек, ақтығында қазақ тілі азып-тозып, бірте-бірте тұтынудан шығып, әуелі қазақша жазу ұят көрінер, сонан соң қазақша сөйлеу ұят көрінер, онан әрі не болары белгілі. Оқыған жастарымыз қазақ тілінен жиренсе, қарттарымыз мың жасауға болмаса, қазақ тілі жан сақтайтын орын жоқ. Сондықтан бұлтақтамай осы бастан істің бетін тура жіберу үшін анықтап ашатын нәрсе мынау: қазақ тілін сақтау керек пе, болмаса русша болсын, басқаша болсын, сөйлеуге жараған соң бәрі тіл ғой, қазақ тілі жоғалса, жоғала берсін дейміз бе? Біздің газетіміздің таңбасы «Қазақ», яғни қазақтығымызды сақтау. Қазақтық әрине аты мен тілі жоғалмаса сақталады. Бұл айтқанымыз русша, я басқаша оқымасын деген емес, русша тілін де білу керек. Бірақ өз тілінен жиренбеске керек. Он жыл, он бес жыл еңбек етіп, қиналып рус яки әдеби тілдерді үйренгендерге өз тілімен жазуды үйрену қиын деп ешкім айта алмас».
Осы шағын ғана тұжырымнан ұлт үшін тілдің маңыздылығы, құдіреті қаншалықты екенін сезуге болады. Құдайға шүкір, тәңір сыйлаған тәуелсіздіктің арқасында жоғалып бара жатқа сөзіміз жардың басынан қайтып, жұртымыз жаһанданудың жалынына жұтылып кеткен жоқ. Бай тілімізде бұған дейін белгісіз болып келген талай құнды дүниелер, жауһар жәдігерлер жарыққа шығып, мәдени мұрамыз түгенделді. Кез-келген жерде қазақша сөйлеуден қымсынбайтын болдық. Тек бір қынжылтатыны, мемлекеттік тіл - қазақ тілінің мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың төрлерінде әлі күнге дейін құтты тұғырына қона алмай отырғаны, бизнестің тіліне айналмағаны. Айта берсе, оның обьективті де, субьективті де себептері көп. Соған қарамастан, қазіргі таңда қазақстандық қоғамның алдында тұрған басты міндеттерінің бірі - қазақ тілін дамытуға барынша атсалысу болып отыр. Қазақ тілінің Қазақстаннан басқа дамитын, дәуірлейтін жері жоқ. Мемлекетіміздің таңбасы «Қазақстан» болғасын, оның басты тілі де - қазақ тілі болуы заңды нәрсе. Жаңа айтып өткен Ахмет Байтұрсынұлы өз мақаласында: «Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек», деген ой тастапты. Рас, кешегі санақтың қорытындысы бойынша тарихи отанында жетпіс пайызға жақындап қалған қазақтардың ана тілі - қазақ тілінің сақталуына төніп тұрған бәлендей қауіп жоқ. Дейтұрғанмен, оны толыққанды мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруде тындырылуы тиіс шаруалар әлі шаш етектен. Ол баршамызға мәлім. Елбасы белгілеп берген қазақстандық қоғамның, оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды бағыттарының бірі енді осы - қазақ тілін дамыту болып отыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», демекші, бұл іске «ала болмай, түгел болып» кіріссек, көздеген мақсатқа тездетіп жетуге болады.