Мемлекеттік аудиттен кейін ұлттық парктерде абаттандыру жұмыстары басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау шеңберінде Туризм және спорт министрлігі мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде бірқатар туристік маршрут мен соқпақ жолды абаттандыру бойынша жұмыс жүргізді.

Ұлттық парктердің мәселесі «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ға отандық туризмді ілгерілету жөніндегі міндеттерді іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша анықталды.
Нәтижесінде салалық министрлік ұлттық табиғи парктерде 139 туристік бағыт пен 49 соқпақты абаттандыру жұмысын жүргізді. Оған автотұрақтарды, шатырлы лагерь алаңдарын, дәретханаларды, қоқыс жәшіктерін және белгілерді орнату кіреді. Сонымен қатар ұлттық парктер жыл сайын абаттандыру объектілерін жақсарту және жаңарту бойынша шаралар қабылдап жатыр. Атап айтқанда, туристерге арналған көру алаңдары, аялдамалар және шатырлы лагерьлер ашылуда. Билбордтар, ақпараттық стендтер, соқпақтар мен маршруттардың сызбалары орнатылуда. Орындықтар, қоқыс жәшіктері және санитарлық-гигиеналық тораптар жаңартылуда.
Мәселен, 2023 жылы БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп Қатонқарағай ұлттық паркі, «Орман жолдары», «Көлсай көлдері» ұлттық паркі, «Саты ауылы – Саты шатқалы», Сайрам-Өгем» ұлттық паркі және «Сайрамсу көлі» жабдықталды.
Бұдан басқа, демеушілік қаражат есебінен Іле-Алатау ұлттық паркінде «Көкжайлау» турмаршруты жабдықталып, «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде жаяу және атпен жүру маршруттарын бөлу жұмысы жүргізілді.
Биыл аталған бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.