Мемлекеттік бағдарлама арқылы үй алмақ болған ақтөбелік 10 млн теңгесінен айырылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Танысына сенген ақтөбелік екі жылдан соң ғана полицияға арыз түсірді. Құқық қорғау органдары күдіктінің тағы қанша адамды алдағанын анықтап жатыр.

полиция
Фото: Polisia.kz.

Ақтөбе полициясы «мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алып беремін» деп ақша жымқырған алаяқтық істі тергеп жатыр. Ақшасынан айырылған жәбірленуші арыз түсірді.

- Шамамен екі жыл бұрын жергілікті тұрғын танысының сеніміне кіріп, мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үйді тиімді шарттармен алуға мүмкіндік бар екенін айтқан. Үйді рәсімдеу және түрлі мәселелерді шешу үшін танысынан 10 млн теңге ақша алған. Алайда уәде орындалмаған, сондай-ақ жәбірленушінің ақшасы қайтарылмаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің кім екенін анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар күдіктінің осыған ұқсас басқа да фактілерге қатыстылығы тексеріледі,- деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Еске салсақ, бұған дейін пәтер жалға беремін деп ондаған адамнан ақша алған ақтөбелік сотталды. Сотталушы жарнама сайты арқылы хабарландыру беріп, алдын ала төлем қабылдап отырған. Ол сотта тағылған айыпты мойындады.