Мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістер: қандай реформалар енгізіліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — 23 маусым Қазақстанда Мемлекеттік қызметші күні аталып өтеді. Мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен азаматтардың өмір сапасы осы сала мамандарының еңбегіне байланысты.
Атаулы күн БҰҰ бастамасымен бекітілді. 2002 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 23 маусымды Мемлекеттік қызметші күні деп жариялап, ұйымға мүше елдерге оны мемлекеттік деңгейде атап өтуді ұсынды. Ал Қазақстанда мереке 2013 жылы ресми түрде күнтізбеге енгізілді.
Бүгінде республикада 83 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар. Кадрлық құрамның 56,2%-ы, ал басшылық құрамның 40%-ы — әйелдер. Бұл сектордағы мамандардың орташа жасы 40,5 жас болса, ал олардың 33,2%-ы 35 жасқа дейінгі жас мамандар. Жүйедегі орташа жұмыс өтілі — 12 жыл.
Мемлекеттік қызметші болу зор жауапкершілікті талап етеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, мемлекеттік қызметшілердің басты міндеті — халыққа және мемлекетке қызмет ету. Оның сөзінше, мемлекеттік аппарат өкілдері жұмысқа жеке басының абырой-беделі үшін емес, елге пайда тигіземін деген шынайы талпыныспен келуі керек.
Әділетті Қазақстан құруда негізгі рөлді мемлекеттік қызметшілер атқарады. Олар қоғам мен мемлекет мүддесін басты орынға қойып, жауапкершілікті сезініп, бастамашыл болып, нақты нәтижелерге ұмтылуы тиіс.
Сол себепті, мемлекеттік қызмет кәсіби білім мен заңнаманы терең түсінуді ғана емес, сондай-ақ, моральдық асыл қасиеттерді, жауапкершілікті және көппен жұмыс істей білуді талап етеді. Салаға жас мамандарды тартуға айрықша көңіл бөлінеді. Өйткені, олар мемлекеттік басқарудың болашағын айқындайды.
Мемлекеттік қызмет туралы заңға қол қойылды: не өзгереді
Соңғы жылдарда елімізде мемлекеттік аппаратты жаңғыртуға, мемлекеттік қызметшілердің дербестігін кеңейтуге, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтуге арналған бірқатар реформа жүзеге асырылып жатыр.
Сектордағы негізгі жайттардың бірі — биыл Мемлекет басшысы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға және заңнамадағы ілеспе түзетулерге қол қойды.
Құжатта мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға және білікті мамандарды ұстап қалуға бағытталған кешенді шаралар қамтылған. Мысалы, қызметте «көлденең» өсуге мүмкіндік беретін механизм енгізілді, яғни, мамандар ұзақ жыл бір қызметті атқара жүріп, деңгейі (санаты) мен жалақысы өседі.
Бұған 2024-2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы негіз болып отыр. Ол мемлекеттік аппаратты одан әрі кәсібилендіріп, кадрлық үдерістерді цифрландырмақ.
Сонымен бірге, заңда жалақыны кемінде үш жылда бір индексациялау нормасы бекітілген. Қазір мемлекеттік қызметтегі орташа айлық табыс 440 мың теңге шамасында.
Әлеуметтік кепілдіктер де айтарлықтай артты. Мемлекеттік қызметшілер басқа елді мекенге ауысқан жағдайда арнаулы төлемдер төленеді; еңбек демалысына жұмыс өтіліне байланысты қосымша демалыс күндері қосылады; көпжылдық жұмыс өтілі және мемлекеттік марапаттары болса, зейнетке шыққанда, бір реттік сыйақы беріледі.
Кадрлық үдерістердің ашықтығы мен оларды цифрландыру да назарда. Іріктеу кезеңдері «Е-қызмет» жүйесі арқылы электронды форматқа ауыстырылады. Одан бөлек, үміткерлерді байқаусыз жұмысқа орналастыру үшін алдын-ала дайындау механизмі енгізіліп жатыр.
Мұндай жеңілдіктермен қатар, талап та күшейтіліп келеді. Мемлекеттік қызметшілердің патриоттығына, кәсібилігіне, ашықтығына, этикалық нормаларды сақтауына, мінсіз беделіне және жемқорлықтан аулақ болуына мән беріледі.
Сондай-ақ, заң қосымша еңбек кепілдіктерін бекітті. Атап айтқанда, жұмыс уақытының ұзақтығы реттеліп жатыр, яғни әдеттегі міндетті кестеден тыс және демалыс күндерінде жұмыс істегендерге өтемақы төленбек. Ал кішкентай балалары бар ата-аналарға, жүкті әйелдерге және отбасындағы жақынын күтіп-баптап, қарауы тиіс қызметкерлерге жұмыс кестесінде жеңілдіктер жасалып, белгілі бір деңгейде еркіндік беріледі. Сонымен қатар, мамандықтың тартымдылығын арттыруға арналған бастамалар да бар. Мәселен, жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік беру; басқа елді мекенге көшсе, өтемақы төлеу; қызмет бабымен ауысқан мемлекеттік қызметшілердің перзенттеріне балабақшалардан кезексіз орын ұсыну т. б. атауға болады.
Заманауи мемлекеттік қызметші қандай болуы керек
Заңнамалық өзгерістермен қатар, мемлекеттік қызмет құндылықтарының тереңдеп-жетілуіне де айрықша мән беріліп келеді. Бүгінде шенеуніктерден кәсібилік пен тиімді жұмыс істеуден бөлек қоғам алдында жауапкершілікті сезіну талап етіледі.
«Заң мен тәртіп» ұстанымы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және «Адал азамат» құндылықтық бағыты мемлекеттік басқарудың негізгі жаңа модельдеріне айналды. Олар ашықтыққа, адалдыққа, әділдікке және жұрт мүддесіне жұмыс істеуге үндейді.
Мұндай жүйеде мемлекеттік қызметші әкімшілік міндеттерді атқарушы болып қана қоймай, мемлекет пен қоғам арасындағы көпірдің де рөлін ойнайды. Сол арқылы Әділетті Қазақстан құруға атсалысады.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік қызметшілер үшін жаңа мансаптық өсу тетігі енгізілетінін жазғанбыз.