Мемлекеттік көліктер аукционы: 3 500-ден астам авто сатылған

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік мекемелер мінген қызметтік көліктердің кейін қайда кететіні көпшілікке қызық. Бірі оларды есептен шығарады деп ойласа, енді бірі шенеуніктердің көлігі жабық түрде сатылатынына сенеді. Алайда бұл автокөліктердің басым бөлігі ашық электронды аукцион арқылы жаңа иесін табады.

пешеходный коридор, зебра, машина, дорога, светофор
Фото: Александр Павский / Kazinform

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Kazinform агенттігінің ресми сауалына жолдаған жауабына сүйенсек, 2020 жылдан бері мемлекеттік органдар мен республикалық заңды тұлғалардың балансындағы 3 500-ден астам автомобиль сатылған.

Ведомство мәліметінше, қызметтік көліктерді өткізу жекешелендіру рәсімі аясында жүзеге асырылады. Сауда-саттық Мемлекеттік мүлік тізілімінің e-kazyna веб-порталында электронды форматта өтеді.

— Соңғы 6 жылда осындай аукциондар арқылы сатылған автокөліктерден мемлекет қазынасына 5 млрд теңгеден астам қаражат түскен. Заңнамаға сәйкес, республикалық меншікті жекешелендіруден түскен қаржы Ұлттық қорға аударылады. Мемлекеттік органдар көліктерін кез келген жағдайда сатылымға шығара бермейді. Әдетте артық қалған, ұзақ уақыт пайдаланылған немесе әрі қарай ұстау шығыны тиімсіз деп танылған автокөліктер аукционға қойылады, — делінген құжатта.

Комитет дерегіне қарағанда, биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша мемлекеттік органдар мен республикалық ұйымдардың балансындағы 183 автомобиль сауда-саттыққа шығарылған.

Аукционға қатысу тәртібі де түсінікті. Қазақстан азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғалар e-kazyna веб-порталына тіркеліп, кепілдік жарна төлегеннен кейін сауда-саттыққа қатыса алады. Кепілдік жарна мөлшері лоттың бастапқы бағасының 15 пайызын құрайды.

Мемлекеттік мүлікті сату толық электронды жүйе арқылы жүргізілетіндіктен, қатысушылар туралы мәліметтер аукцион аяқталғанға дейін жария етілмейді. Жеңімпаз да автоматты түрде анықталады.

Еске сала кетейік, e-qazyna.kz порталында 10 жылға сотталған Перизат Қайраттың да MERSEDES-BENZ S450 маркалы көлігі сатылған болатын.