Мемлекеттік кірістер органдарында биометриялық сәйкестендіруді пайдалану қағидалары бекітілді

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрі 2025 жылғы 3 қазанда мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесіне биометриялық сәйкестендіру құралын пайдалану қағидаларын бекітетін бұйрыққа қол қойды. 

ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті
Фото: ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті

Құжатқа сәйкес, биометриялық сәйкестендіру келесі жағдайларда қолданылады:

- салық төлеушіні электрондық шот-фактура ақпараттық жүйесіне қатысушы ретінде тіркеу кезінде;

- салық төлеушіге қатысты тәуекелді басқару жүйесі арқылы бағалау кезінде.

Биометриялық сәйкестендіру электрондық шот-фактураны рәсімдеу кезінде тәулігіне бір рет жүргізіледі. Егер сәйкестендіру сәтсіз өтсе, электрондық шот-фактураны рәсімдеу мүмкін емес. Міндетті биометриялық тексеру барлығы үш рет орындалуы тиіс.

Салық төлеуші қажетті мөлшерде биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін, электрондық шот-фактура ақпараттық жүйесі оған электрондық шот-фактураны қайталап тексерусіз рәсімдеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ электрондық шот-фактура ақпараттық жүйесі басшының немесе уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) деректері заңды тұлға, жеке кәсіпкер немесе жеке тұлға туралы мәліметтердің сәйкестігін тексереді. Аталған деректер электрондық шот-фактура ақпараттық жүйесі операторының нормативтік-анықтамалық базасында және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің «Цифрлық профиль» платформасында сақталады.

Деректер сәйкес келген жағдайда, электрондық шот-фактура ақпараттық жүйесінің операторы:

- салық төлеушіні тіркеу кезінде оған электрондық шот-фактура ақпараттық жүйесінің қатысушысы мәртебесін береді;

- тәуекел анықталған жағдайда ақпаратты өңдеп, электрондық шот-фактураға тіркеу нөмірін тағайындайды.

Бұйрық 2025 жылғы 18 қазанда күшіне енеді және 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданыста болады.

Еске сала кетсек, салық органдарында биометриялық сәйкестендіру енгізілетіні туралы осы жазда хабарлаған едік. 

Биыл мамырда еліміздің мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында биометриялық сәйкестендіру енгізілді. 

Соңғы жаңалықтар