Мемлекеттік наградалардың мәртебесі мен дәрежесі артады — Ерлан Қарин

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кеңесші «Jibek Joly» телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында наградалардың көбейіп кетуі, олардың құндылығы мен беделін төмендетіп, бәріне бірдей берілетін марапат болып кетпей ме деген сауал қойылды.

Награда
Фото: Ақорда

— Мемлекеттік наградалардың саны артпайды, олардың дәрежесі, мәртебесі және жауапкершілік артады. Бұрын құрметті құрылысшы, құрметті кенші тағы сол сияқты атақтар министрліктің деңгейіндегі шешіммен қабылданатын. Министрліктерде бақылау жоқ деп айтпаймын, бірақ шындығында дұрыс бақылау жасалмайтын. Өткенде геральдика және мемлекеттік наградалар бойынша мемлекеттік комиссияның отырысын өткіздім, сол жерде ескерту айтып, тапсырма бердім. Мысалы, соңғы жылдары құрметті атақ-дәрежені беруді министрліктің аппарат басшылары қабылдап, қол қоятын болып кетті, — деп жауап берді Ерлан Қарин сауалға.

Оның пайымдауынша, мемлекеттік наградаларды тағайындау белгілі бір азаматтардың деңгейінде қабылданады, яғни іріктеу, тағы сол сияқты мәселелер атүсті қаралады. 

— Енді мемлекеттік наградалар жүйесіне енгізілгеннен кейін, бұл атаққа ұсынылған азаматтар өте қатаң іріктеуден өтеді. Келіп түскен құжаттармен Президент әкімшілігінің құрылымы айналысатын болады. Сонымен қатар мәртебесі де артады. Мысалға, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы — құрметті атақ Президенттің Жарлығымен бекітіледі. Біз еңбек адамдарының, соның ішінде ұстаздардың мәртебесін қоғамда арттырып жатырмыз. Соңғы 5 жылда қаншама маңызды шешім қабылданды. Жалақы көтерілді, әлеуметтік қолдау артты, педагог мәртебесі туралы заң қабылданды. Осы шараларға қосымша атақ беріледі. Өткен жылы 20 ұстаз анықталып, олар Ақордада келіп, Президент өз қолымен арнайы төсбелгілерді табыстады, — дейді ол.

Одан бөлек, Ерлан Қарин наградалар көбіне мемлекеттік қызметкерлерге беріледі деген пікірге түсінік берді. 

— Бірақ, шын мәнісінде олай емес. Өткен жылын қарайтын болсаңыз, мысалға наградталған адамдардың жартысынан көбі еңбек адамдары болды. Қарапайым механизатор, құрылысшы, көлік саласының қызметкерлері, медицина саласының қызметкерлері, ұстаздар болды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдан бері негізгі басымдық еңбек адамдарына, әлеуметтік, өнер саласы өкілдеріне, тағы басқа салаларға беріледі. Мемлекеттік қызметкерлердің үлес салмағы оннан бір бөлігі болар. Бірақ енді, ауданда, ауылда еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлерді атап, оларға да құрмет көрсетпесе, ол да дұрыс емес. Бұл әділдік болмайды. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлер болмауы керек дегенмен келісе алмаймын, — деп түсіндірді Мемлекеттік кеңесші.

Еске салсақ, Ерлан Қарин былтыр жыл соңында мемлекеттік наградалар жүйесіне 9 жаңа құрметті атақ енгізілгенін хабарлаған еді. 

Соңғы жаңалықтар