Меморгандар бюджетке түзетулер енгізу құқығымен тым әуестеніп кетті – Ерлан Қошанов

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Ерлан Қошанов Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінің ерекшелігін атап, бірқатар мәселеге айрықша тоқталды.

Ерлан Қошанов
Фото: Мәжіліс

– Бүгін біз Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы кезекті есебін қарадық. Жалпы, Үкімет көп жұмыс атқарды. Ел экономикасы дамуында тұрақтылық байқалады. Жалпы ішкі өнім өсімі болжанған көрсеткіштен де, өткен жылғы деңгейден де асып түсті. Мұны ұсынылған есептер де растайды, - деді ол.

Осы ретте палата төрағасы есептің ерекшелігіне тоқталды.

– Парламент алғаш рет мемлекеттік қарыздың, бюджеттен тыс қорлардың жай-күйі, квазимемлекеттік сектордың қызметі туралы кеңірек ақпарат алды. Бұл жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді. Осы талқылаудың мақсаты – кінәліні іздеу емес, алдағы жұмысымызда назар аударуға қажетті шешімдер табу. Атап айтқанда, бюджет саясаты мен заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстар беру, - деді ол.

Сонымен қатар ол бірнеше мәселеге ерекше тоқталды.

– Бірінші. Жаңа Бюджет кодексінде біз Үкіметке Парламенттің қатысуынсыз өз бетінше 15 пайыз шегінде түзетулер енгізу құқығын бердік. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар осы мүмкіндікпен тым әуестеніп кеткенін көріп отырмыз. Тіпті кейбір жекелеген салаларда шығыстар 59 пайызға дейін өзгертілген. Жалпы сегіз түзету жасалған. Бұл ең алдымен бюджет бағдарламаларын бастапқы жоспарлаудың жеткілікті деңгейде ойластырылмағанын көрсетеді. Сондықтан болашақта осы норманы Бюджет кодексінде қайта қараған жөн деп санаймын. Бюджеттік түзетулердің нақты шегін бекіту қажет, - деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері, екінші мәселе ретінде былтыр даму бюджетінің үлесі 8,1-ден 6,4 пайызға дейін қысқарғанына тоқталды.

– Әрбір бесінші инвестициялық жоба 2025 жылы аяқталмай қалған. Алайда елдің экономикалық өсіміне берік негіз қалайтын не? Ол – әрине, инфрақұрылымға, өндіріске, инновация мен адами капиталға салынған инвестиция. Ал біз осы бағыттағы даму бюджетінің тиісті деңгейде атқарылмай жатқанын көріп отырмыз. Бірінші кезекте, ағымдағы мәселелерге емес, елді дамытуға арналған шығыстарға басымдық берілуге тиіс, - деді ол.

Ерлан Қошанов үшінші мәселе ретінде 2025 жылы көшелер мен саябақтарды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру жобалары Ұлттық қордан қаржыландырылғанына тоқталды.

– Бұл Қор қаражатын пайдалану саясатына түбегейлі қайшы келеді. Ұлттық қор қаражатын тек мемлекеттік маңызы бар жобаларға бағыттауға тиіспіз. Сондықтан Үкімет Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын жобаларға мониторинг жүргізіп, тиісті қорытынды шығаруы керек. Ол туралы біз жыл сайын айтып келеміз. Төртінші. Біз жалпы ішкі өнімнің өсімі жөнінде айтып жатырмыз. Бірақ бюджет түсімдерінің жоспары орындалмаған. Кірістерді жоспарлау кезінде іс-шаралардың жете ойластырылмағаны айқын көрініп тұр. Яғни, бюджет кірістері экономиканың оң қарқынынан артта қалып отыр. Бүгін бұл мәселе депутаттар тарапынан біраз сынға ұшырады. Осыған байланысты бюджет кірістерін объективті түрде болжау қажет, - деді Ерлан Қошанов.

Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің және Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі талқыланды.