Мен Еуропа мен Азияның ықпалдастығы - ол тек уақыт талабы екеніне сенемін - Елбасы
АСТАНА-БЕРЛИН. 8 ақпан. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Берлин Еуразиялық клубының ашылуына қатысты.
Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Ашылуы рәсімі Сыртқы саясат жөніндегі Герман кеңесінде өтті. Мемлекет басшысы ГФР-ның саяси және іскер топтары, дипломатиялық корпусы алдында сөз сөйледі.
Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Достық пен сенімге негізделген интенсивті саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық диалог қолдау табуда.
Мемлекет басшысы Берлин Еуразиялық клубының ашылуы оның Еуразия туралы идеясына жауап беретінін және Еуропа мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың тиімді жолын іздестіруге бағытталғанына ерекше тоқталып өтті.
«Мен Еуропа мен Азияның ықпалдастығы - ол тек уақыт талабы екеніне сенемін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысының сөзі кездесуге қатысқандардың қызу пікірталасын тудырды.
Өзінің құттықтау сөзінде Германияның бұрынғы Вице-канцлері және Сыртқы істер министрі Ганс-Дитрих Геншер Қазақстан Президентінің қазіргі заманғы мемлекетті құрудағы зор рөлін ерекше атап өтті. Ол Берлин Еуразиялық клубының құрылуы екі елдің бір-біріне жақындай түсуі үшін жаңа мүмкіндіктер беріп қана қоймай, сонымен бірге Қазақстан Республикасының халықаралық аренадағы беделінің өсуіне себепші болатынына сенім білдірді.
Берлин Еуразиялық клубы ҚР мен ГФР, сондай-ақ ЕО арасындағы кең көлемдегі қоғамдық-саяси мәселелерді талқылау үшін диалог алаңы ретінде құрылып отыр. Берлин Еуразиялық клубының құрылуы жаңа мүмкіндіктерді зерттеуге, еуропалық және азиялық мәдениеттер арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған Қазақстанның Еуропадағы осыған ұқсас алғашқы жобасы болмақ. Қазақстанның аталған бастама аясындағы серіктесі Сыртқы саясат жөніндегі Герман кеңесінің жанындағы Бертольд Бейц атындағы саяси орталық болып табылады.