«Мен Қазақпын» тәрізді әндер әскеріміздің рухын көтереді - желі қолданушылары
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан әскерінің «Мен Қазақпын!» атты әні әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кетті. Аталған шығарманы Қарулы Күштер сарбаздары кешегі жауынгерлік парад кезінде орындап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Желі қолданушылары рухты көтеретін осындай әндер көбірек болса екен деген тілекті жиі білдіріп жатыр. «Рухты көтеретін осындай жүрекке жақын жақсы әндер біздің әскерге өте қажет. Кезінде жаугершілік жорықтарда біздің батыр ата-бабаларымыз үш жүздің бір ғана сөзден тұратын ұранын естігенде атойлап жауға шапқан ғой. Рухты көтеретін, ұлтымыздың қадір-қасиетін дәріптейтін патриоттық өнер шығармалары көп болса екен», - дейді Ханым есімді бір оқырман.
Кешегі парадтан кейін «Қазақстан» РТРК басшысы Ерлан Қарин де «Мен Қазақпын!» атты шығарманы өзінің парақшасына жүктеді. Осы уақытқа дейін оны 19 мың адам қарап шықты. Е.Қариннің парақшасынан мыңға жуық адам перепост бөлісті.
Саясаттанушы Айдос Сарым да видеомен бөлісіп: «Мен Қазақпын! Бүгінгі парадтың ең әсерлі тұсы зеңбірек, ұшақ, атыс емес, сарбаздардың осы әні болды. Армияны армия, елді ел, мемлекетті мемлекет ететін Рух! Қалғаны қосыла жатады», - деген пікірін білдірді.
ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, «Мен Қазақпын» атты шығарма Қазақстан Қарулы Күштерінде жауынгерлердің рухын оятатын ән ретінде кеңінен танымал. Бұл әнді жауынгерлер сапта, марштар мен жорықтарда, демалыс уақыттарында орындайды. Әскери бөлімдерде көркемөнерпаздар ұйымдары мен әскери оркестрлер ол әнді өз репертуарларына қосқан. Оның басқа музыкалық шығармалардан басты ерекшелігі сол, бұл ән азаматтардың патриоттық сезімдерін оятып, көкейлеріне өз халқына, өз еліне деген сүйіспеншілікті ұялатады.
«Əдемі əрі əсерлі видео!!! Жүздеген сарбаз "Қазақ болып тумағанда не етер ем, Қалай басқа байрақтарды көтерем?" деп шырқағанда тұла бойым шымырлап кетті. Мына видеоны көріп ерекше əсерге бөленіп отырмын. Міне, балабақшадан бастап мектеп бітірер жастағы балаларды патриоттыққа үндейтін көрініс осы. Ватсап, телеграм секілді мессенджерлер арқылы тарату керек видеоны. "Тіреу болсын, демеу болсын мың қазақ, Сүрінгенде, бүлінгенде бір қазақ" деп барша қазақстандықтың тыныштығы үшін күн-түні көз ілмей, қорғайтын сарбаздарымыздың бар екенін көрсін. Алға, Қазақ армиясы! Алға, Қазақ азаматтары! Отан қорғаушылар мерекесі құтты болсын! Егемендігіміз мəңгі, Еліміз тыныш, Елбасымыз аман болғай!», - деп жазды Гүлжан Омарова.