Қырғызстан Нипах вирусына байланысты Үндістаннан мал импортын шектеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстан Нипах вирусының өршуіне байланысты 2025 жылдың 28 қаңтарынан бастап Үндістаннан импортталатын жануарларды, сондай-ақ жануарлардан алынатын өнімдерді импорттауға уақытша шектеу енгізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Мал шаруашылығы, жайылымдар және жемшөпті дамыту жөніндегі ветеринарлық қызметтің мәліметінше, бұл шаралар елдің ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Нипах вирусы қауіпті зоонозды инфекция болып саналады және жануарлардан адамға жұғуы мүмкін. Ветеринарлық қызмет азаматтарға шығарылған жері белгісіз жануарлардан алынатын өнімдерді сатып алудан бас тартуды және барлық ветеринарлық құжаттардың ұсынылуын қамтамасыз етуді ұсынады.
Бұған дейін Тәжікстанның Нипах вирусына байланысты төтенше шаралар енгізіп жатқаны хабарланған болатын.
Қазақстан Республикасының Ұлттық денсаулық сақтау орталығы Нипах вирусын жұқтыру жағдайлары анықталғандықтан, Үндістандағы қазақстандық туристерге ұсыныстар берді.
Нипах вирусына байланысты бірнеше ел шекараларында санитарлық бақылауды күшейтті.