Mercedes неліктен әскери техника шығаруды қолға алғалы отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Германияның Mercedes-Benz автоконцерні қару-жарақ өндірісі нарығына шығу мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Deutsche Welle.

Mercedes неліктен әскери техника шығаруды ойластырып отыр
Фото: Pexels

Компания басшысы Ола Каллениус егер мұндай бағыт экономикалық тұрғыдан тиімді болса, концерн Еуропаның қорғаныс әлеуетін нығайтуға қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

The Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында Каллениус әлемнің барған сайын болжап болмайтын сипат алып бара жатқанын, ал Еуропа елдеріне өз қауіпсіздігін күшейту қажет екенін айтты.

– Еуропа өзінің қорғаныс әлеуетін күшейтуі керек. Егер біз бұл үдерісте оң рөл атқара алсақ, соған дайын боламыз, – деді Mercedes-Benz Group басшысы.

Сонымен қатар ол әскери өнім нарығына шыққан күннің өзінде компания бизнесінің негізгі бағыты автомобиль өндірісі болып қала беретінін нақтылады. Қорғаныс сегменті концерн құрылымында тек шағын үлеске ие болуы мүмкін, алайда болашақта перспективалы нишаға айналуы ықтимал.

Бұған дейін Financial Times Volkswagen израильдік Rafael Advanced Defense Systems компаниясымен ықтимал ынтымақтастық мәселесін талқылап жатқанын хабарлаған еді. Басылым мәліметінше, Оснабрюктегі Volkswagen зауытын «Темір күмбез» зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің компоненттерін шығаруға бейімдеу нұсқасы қарастырылып жатыр.

Концерннің өзінде әзірге қару-жарақ өндірісі компания жоспарына кірмейтіні айтылды. Дегенмен VW 2027 жылы автомобиль шығаруды тоқтатқаннан кейін кәсіпорынды пайдаланудың жаңа сценарийлерін іздеуді жалғастырып отыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін BMW басшысы компаниядағы 35 жылдық қызметінен кейін отставкаға кеткені хабарланды.