Мереке күндері СҚО-да қар құрсауынан 573 бірлік техника мен 1385 адам шығарылды (ФОТО)

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Мереке күндері СҚО-да қар құрсауынан 573 бірлік техника мен 1385 адам шығарылды. Жапа шеккендер жоқ.«5-8 наурыз аралығында Есіл, Айыртау, Ғ. Мүсірепов, Жамбыл, Шал ақын, Тайынша, М.Жұмабаев, Мамлют, Тимирязев және Қызылжар аудандарында 573 бірлік автомобиль мен 1385 жүргізуші және жолаушы қар құрсауында қалды. Адамдар дереу қары тазаланған жерге шығарылды», - делінген аймақтық ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Мереке күндері СҚО-да қар құрсауынан 573 бірлік техника мен 1385 адам шығарылды (ФОТО)

Әсіресе, Шал ақын ауданындағы жолдарда ахуал күрделі болды. Онда Жаңа жол, Кеңес, Бірлік ауылдарында «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ СҚОФ қызметкерлері 120 көлік пен 384 адамды қауіпсіз жерге шығарды. Айыртау ауданында қар құрсауынан 15 бірлік техника, 42 адам шығарылды.

Есіл ауданындағы «Горное-Корнеевка» тас жолындағы қар құрсауында 6 наурыздың кешінен 7 жеңіл көлік тұрып қалған.
«Атамекен Агро» ЖШС және «Петропавл Жолдары» ЖШС мамандары қар құрсауынан 11 бірлік техника, 43 адамды (оның бірі бала) алып шықты. Олар Корнеевка орта мектебіне орналастырылды. Қатты жел, боран, және жолдың көрінбеуі салдарынан осындай жағдай орын алды.
Қазір жағдай тұрақталып, республикалық маңыздағы жолдар ашылды. Облыстық және аудандық трассалар көліктің барлық түрі үшін жабық. Қазір жолдарды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

2 3 4