Меркурийдегі бір күн Жердегі 88 тәулікке тең
АСТАНА. KAZINFORM — Егер адам Меркурий ғаламшарында өмір сүрсе, күннің батуын көру үшін шамамен үш ай күтуіне тура келер еді. Өйткені бұл ғаламшарда бір жарық күнінің ұзақтығы Жердегі 88 тәулікке тең. Бұл туралы жазғы күн тоқырауы қарсаңында Сергей Язев мәлімдеді, деп хабарлайды БелТА.
Оның айтуынша, Меркурий өз осін өте баяу айналатындықтан, мұнда күн мен түннің ұзақтығы ерекше ұзақ болады. Сондықтан Күн аспанда бірнеше ай бойы батпай тұрады.
Күн жүйесінде айналу осі орбита жазықтығына перпендикуляр орналасқан ғаламшарлар бар. Сондықтан оларда жыл мезгілдері ауыспайды, ал жарық күнінің ұзақтығы тұрақты болып келеді.
«Меркурийдегі жарық күні Жердегі 88 тәулікке, Шолпанда (Венерада) 58,5 тәулікке созылады, ал Юпитерде небәрі шамамен 5 сағатқа ғана тең. Мұндай үлкен айырмашылықтар ғаламшарлардың өз осінен әртүрлі жылдамдықпен айналуына байланысты. Сонымен қатар тағы үш ғаламшардың айналу осі орбита жазықтығына едәуір еңкейген. Бұл олардың жарық күнінің ұзақтығы, Жердегідей, географиялық ендік пен жыл мезгіліне тәуелді екенін білдіреді. Әрине, ондағы күн тоқырауы кезеңдері де Жердегідей болмайды», — деді Язев.
Жарық күнінің ұзақтығы жағынан Жерге ең жақын ғаламшар — Марс. Оның экваторында күн ұзақтығы шамамен 12 сағат 18 минутқа созылады, бұл Жер экваторындағы көрсеткішке өте жақын.
Ғалымның айтуынша, ең қызықты жағдай Уран ғаламшарында байқалады. Оның айналу осі орбита жазықтығында дерлік жатады.
«Соның нәтижесінде Уранның бір жарты шарында жылдың төрттен бір бөлігінде полярлық күн орнайды. Ал Урандағы бір жыл Жердегі 84 жылға тең болғандықтан, мұндай кезең шамамен 21 жер жылына созылады. Одан кейін дәл сондай ұзақ уақыт бойы күн мен түн біртіндеп алмасады, бұл кезде экватордағы күн ұзақтығы 8 сағат 37 минутқа тең болады. Кейін тағы 21 жылға созылатын полярлық түн басталады», — деп түйіндеді ғалым.
Айта кетейік, ғалымдар планеталардың дәйекті қалыптасуының алғашқы мысалын тапты.