Meta Facebook-тің денсаулыққа тигізетін теріс әсері жөніндегі төл зерттеуін жасырған

АСТАНА. KAZINFORM — Meta өз платформаларының психологиялық зияны туралы деректерді жарияға жар салмай, керісінше құпияда ұстап, жасырып келген. Бұл туралы 24 kg Reuters агенттігіне сілтеме жасап, жазды.

Meta
Фото: Anadolu

Агенттіктің мәліметінше, Facebook пен Instagram-ның иесі саналатын компания осы платформалардың пайдаланушыларға психологиялық зиян келтіретінін дәлелдейтін зерттеуді тоқтатып тастаған.

Reuters АҚШ-тағы мектеп округтері мен Meta арасындағы әлеуметтік желілердің жасөспірімдерге зияны туралы сот ісінде ұсынылған құжаттарға сілтеме жасайды.

Құжаттарға сәйкес, Meta 2020 жылы Project Mercury деп аталатын зерттеу жобасын ұйымдастырған. Жоба аясында Facebook қолданушыларына біраз уақыт әлеуметтік желіні пайдаланбау ұсынылған. Бар болғаны бір аптадан кейін әлеу желіден бас тартқан қатысушылар депрессия, алаңдаушылық, жалғыздық сезімдерінің азайғанын және әлеуметтік қысымның төмендегенін хабарлағаны айтылады. Бұл нәтижеден кейін зерттеу тоқтатылып, оның қорытындылары ешқашан жарияланбаған.

Meta өкілі бұл зерттеуді жасыру туралы айыптауларды жоққа шығарып, оның «әдістемелік кемшіліктерге байланысты» тоқтатылғанын мәлімдегенін Reuters жазады.

Айта кетейік, бұған дейін Meta ЖИ зерттеушілерінің санын қысқартатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар