Meta Instagram, Facebook және WhatsApp-та ақылы функцияларды іске қосты

АСТАНА. KAZINFORM — Meta компаниясы Instagram, Facebook және WhatsApp платформаларында ақылы Plus жазылымдарын жаһандық деңгейде іске қосқанын жариялады. Бұл туралы 24kg жазды.

Meta Instagram, Facebook және WhatsApp-та ақылы функцияларды іске қосты
Фото: DW

Бұған дейін бұл тарифтер шектеулі тестілеу кезеңінде болып, тек қолданушылардың белгілі бір бөлігіне ғана қолжетімді еді.

Жаңа жазылымдардың ай сайынғы құны:

  • Instagram Plus — 3,99 АҚШ доллары;

  • Facebook Plus — 3,99 АҚШ доллары;

  • WhatsApp Plus — 2,99 АҚШ доллары.

Компания әзірге жаңа тарифтердің барлық мүмкіндігін толық жариялаған жоқ. Дегенмен алдыңғы сынақтар барысында белгілі болғандай, Instagram Plus пен Facebook Plus жазылымдары негізінен Stories (оқиғалар) функцияларын кеңейтуге бағытталған.

Жазылушылар:

  • оқиғаларды әдеттегі 24 сағаттың орнына 48 сағатқа жариялай алады;

  • қаралымдар бойынша кеңейтілген статистикаға қол жеткізеді;

  • басқа пайдаланушылардың оқиғаларын анонимді түрде қарай алады;

  • интерфейсті жекелендіру құралдарын пайдаланады;

  • Facebook пен Messenger иконкаларын өзгерте алады;

  • эксклюзивті анимациялық реакцияларға қол жеткізеді.

Сонымен қатар Meta жасанды интеллектке арналған Meta AI қызметтерінің жаңа жазылымдарын да сынақтан өткізе бастады. Олардың қатарында:

  • One Plus,

  • One Premium,

  • One Essential,

  • One Advanced.

тарифтері бар. Бағасы айына 7,99 доллардан 49,99 долларға дейін өзгереді.

Компанияның мәліметінше, жаңа жазылымдар әлем бойынша кезең-кезеңімен енгізіледі. Сондықтан олардың қолжетімді болуы әр өңірде әртүрлі уақытта іске асуы мүмкін.

Бұған дейін Meta Facebook-тің денсаулыққа тигізетін теріс әсері жөніндегі төл зерттеуін жасырғанын жаздық.