Михаил Шайдоров: Бұл мен үшін де, бүкіл Қазақстан үшін де үлкен жеңіс
АСТАНА.KAZINFORM — 22 маусымда Халықаралық конькишілер одағы (ISU) 2027 жылғы мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатының Астанада өтетінін ресми түрде жариялады. Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров бұл шешім өзінің көптен бергі арманының орындалғанын айтты.
- Мен өте қуаныштымын. Бұл мен үшін де, бүкіл Қазақстан үшін де үлкен жеңіс. Көп жыл бойы ISU жарысының туған елімде өткенін армандадым. Сол арманымның ақыры орындалғанына қатты қуаныштымын. Олимпиада ойындарындағы жеңісімнен кейін Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың танымалдығы айтарлықтай артты. Мен бұл үдерістің жалғаса бергенін қалаймын. Алдағы маусымға тыңғылықты дайындаламын және Төрт құрлық чемпионаты жанкүйерлерге ұмытылмас әсер сыйлап, олардың жадында ұзақ сақталады деп сенемін, – деп келтіреді Шайдоровтың сөзін ISU.
Айта кетейік, жарыс 2027 жылдың 9-14 ақпаны аралығында өтеді.
Михаил Шайдоров 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жекелей сында алтын медаль жеңіп алған болатын.