Астана 2027 жылы мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатын қабылдайды
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық конькишілер одағының (ISU) шешімімен Астана 2027 жылы мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатын өткізетін қала ретінде ресми түрде бекітілді. Бұл туралы ҰОК баспасөз қызметі хабарлады.
Жарыс 2027 жылғы 9-14 ақпан аралығында өтеді. Астанаға Азия, Америка, Африка және Мұхит аймағының үздік мәнерлеп сырғанаушылары жиналады. Турнирді өткізу Қазақстан үшін де, мәнерлеп сырғанаудың жаһандық дамуы үшін де маңызды оқиға болмақ.
ISU мәліметінше, бұл шешім Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың танымалдығының қарқынды өсуінің жалғасы болды. Бұған 2026 жылдың ақпан айында Милан мен Кортина-д’Ампеццода өткен қысқы Олимпиада ойындарында Михаил Шайдоровтың ерлер арасындағы жекелей сында тарихи алтын медаль жеңіп алуы үлкен әсер етті. Оның жетістігі елде бұл спорт түріне деген қызығушылықты бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріп, жаңа буын спортшылар мен жанкүйерлерге шабыт берді.
Төрт құрлық чемпионаты Қазақстан үшін мәнерлеп сырғанаудан ең ірі турнир болмақ. Бұған дейін еліміз 2011 жылғы қысқы Азия ойындарын және 2017 жылғы қысқы Универсиаданы жоғары деңгейде қабылдаған болатын. Аталған жарыстардың бағдарламасына да мәнерлеп сырғанаудан бәсекелер енгізілген еді.
— Біз Қазақстанда алғаш рет мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатын өткізетінімізге қуаныштымыз. Бұл Орталық Азиядағы жанкүйерлер үшін әлемдік деңгейдегі жарысты өз көздерімен көріп, сүйікті спортшыларын қолдауға тамаша мүмкіндік. Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың танымалдығы жаңа деңгейге көтерілді және Астана спортшылар, жанкүйерлер мен жарысқа қатысушылар үшін тамаша алаң болатынына сенімдіміз. Қазақстан бұл турнирге өзіндік энергиясын, қонақжайлығын және өршіл мақсаттарын алып келетініне күмән жоқ, — деді ISU президенті Ким Джэ Ёль.
Айта кетелік Астанада әлемдік мәнерлеп сырғанау жұлдыздары өнер көрсеткен еді.