Милад Карими спорттық гимнастикадан әлем чемпионатына барады
АСТАНА. KAZINFORM — Спорттық гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер штабы Джакартада (Индонезия) өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын спортшылардың тізімін жариялады.

Әртүрлі бағдарламада жүлде үшін алты гимнаст бақ сынайды. Атап айтқанда Нариман Кұрбанов ат снарядындағы, Милад Карими кермедегі, еркін, Дмитрий Патанин еркін, қоссырық пен шығыршықтағы жаттығулар бойынша сайысқа түседі.
Сондай-ақ Ильяс Әзізов еркін, қоссырық және кермедегі, Диас Тойшыбек ат снаряды, қоссырық және кермедегі, Зейнолла Ыдырысов ат снарядындағы жаттығулар жарысында ел намысын қорғайды.
Айта кетейік, әлем чемпионаты 19-25 қазан аралығында өтеді. Өткен әлем біріншілігінде Милад Карими еркін жаттығуларда қола медаль жеңіп алған еді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Оңтүстік Кореяның Чечхон қаласында өтіп жатқан спорттық гимнастикадан жасөспірімдер арасында Азия чемпионатында Нұртаң Ыдырысов алтын медаль алды.