Минамата қасіреті Павлодарда қайталанбасын: көлдегі сынап адам психикасын бұзуы мүмкін бе
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласының солтүстік өнеркәсіп аймағында орналасқан Былқылдақ көлі мен оның аумағында шамамен 900 тоннадай сынап қалдықтары бар деп шамаланады. Ал бұрынғы «Химпром» деп аталған павлодарлық зауыт 1975-1993 жылдар аралығында жұмыс істеген.
Кеңестік кезеңнен мұра болып қалған бұрынғы химия зауытының сынап қалдықтары Павлодар экологиясының жазылмас жарасына айналғандай. Соңғы жылдары қоғам өкілдері бұл мәселенің тағы бір қауіпті жағын ескерте бастады. Адам ағзасына түскен сынап буы психикалық ауытқулар туғызып, суицидтік жағдайларға апарып соқтыруы ықтимал екен.
Сынапты пайдалана отырып каустикалық сода мен хлор шығарған қауіпті өндірістен 28 жыл ішінде топырақ қабатына шамамен бір мың тоннадай сынап түскен. Бірақ бұл нақты сан емес. Зиянды зауыт жабылған соң онда құрамында сынап бар қалдықтар мен топырақ полигондары, электролиздер мен өндіріс суын жинайтын су қоймалары анықталды. Сол уақытта мемлекет билігінің алдында халық денсаулығын қорғау және өңірдегі экологиялық ахуалды тұрақтандыру мәселелері тұрды. Қоғам тарапынан бұған байланысты наразылық та күшейіп, жылдар бойы жиі талқыланған тақырыпқа айналды. Ал Былқылдақ көлі сол зиянды қалдықтардың ордасы болып қала бергені анық.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиевтің сөзінше, солтүстік өнеркәсіп аймағының демеркуризация және сынаппен ластану нысандарын оңалту жөніндегі тұжырымдама аясында кешенді іс-шаралар қолға алынған.
— Ұзындығы 2,4 шақырым болатын «Жер қабатындағы қабырға» салынған. Бірақ сынаптың жерасты суларына араласуы ықтималдығын анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет. Қабырға-бөгеттің тиімділігін бақылау үшін 25 бақылау ұңғымасы бұрғыланған. Олар арқылы тұрақты мониторинг жүргізілуде. Сынаптың Ертіс өзеніне жету қаупі байқалмайды. 2022 жылдан бастап өзеннің жоғары арнасы — Абай облысымен шекарада, төменгі бөлігі — Ресей Федерациясымен шекарадағы аумақтарда мониторинг жүргізіледі. Соңғы 3 жылдағы сынамалар сынаптың болуын анықтаған жоқ, — дейді ол.
Алайда жергілікті қоғам өкілдерінің пікірінше, сынаптың топырақ қабатына сіңуі, су жануарлары мен құстар арқылы жақын маңдағы елді мекендерге тарауы сияқты қауіпті факторларды мамандар ескермей отыр.
— Қауіпті химиялық элементтің Ертіс өзенінің суымен араласып кету ықтималдығы туралы біз мамандарға талай мәрте ескерткен едік. Соңғы 20 жылда мұнда кешенді жұмыстар қолға алынғанынан хабардармыз. Алайда сынап қалдықтары Былқылдақ көліндегі балықтар мен құстар арқылы қаланы ластап жатқаны туралы ешкім бас қатырмайды. Тіпті оның топырақтағы қалдықтары желмен ұшып, жақын елді мекендерге түсіп жатыр деген қауесет бар бар халық арасында. Біздің ғалымдар бұл жөнінде айтуға жүрексінеді деп ойлаймын. Соңғы жылдары қалада суицидтік әрекеттер көбейіп бара жатыр, соның ішінде өліммен аяқталған әрекеттер көп. Бұған сынап қалдықтарының әсері бар деген пікірлерді естіп жүрміз. Алайда қолымызда нақты дәлел болмаған соң мәселені ашық түрде жеткізе алмаймыз, — деп қынжылады облыс орталығындағы экологиялық мәселелердің шешілуіне атсалысып жүрген қоғам белсендісі Юрий Павленко.
Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы Павлодар филиалының нарколог дәрігері Данияр Күржікбаев сынап — өте күшті нейротоксин екенін айтады. Ол адам ағзасы үшін аса қатерлі улы зат. Ағзаға түскен кезде (көбіне оның буымен тыныс алу арқылы) ол гематоэнцефалдық бөгетті бұзып өтіп, мида жиналуға қабілетті. Бұл жүйке жасушаларының зақымдануына, нейрохимиялық тепе-теңдіктің бұзылуына әкеп соғады. Мұндай әсер психикалық ауытқулардың кең спектрін тудыруы мүмкін. Соның ішінде жоғары қозғыштық, тітіркенгіштік, ұйқысыздық, көңіл-күйдің күрт өзгеруі, когнитивті функциялардың төмендеуі, ал ауыр жағдайларда депрессия (жабырқау), галлюцинация және сандырақтау пайда болады екен.
— Сынап әсерінен болатын ағза зақымданулары оның химиялық формасына, мөлшеріне және ену жолына байланысты. Металдық сынап буымен тыныс алғанда көбіне орталық жүйке жүйесі (тремор, эмоционалдық тұрақсыздық, когнитивтік бұзылыстар) мен бүйрек жұмысы бұзылады. Ал бейорганикалық тұздарын жұтып қою асқазан-ішек жолдарының ауыр зақымдануына, жедел бүйрек жеткіліксіздігінің дамуына әкеп соқтыруы ықтимал. Сынаппен улану және психикалық ауытқулар арасында байланыс бар, — дейді маман.
Қарағанды медицина университеті неврология, психиатрия және реабилитология кафедрасының бірінші санатты ассистент-профессоры, бірінші санатты дәрігер-психиатр, психотерапевт Лаура Әліпбаева да сынаптың орталық жүйке жүйесін зақымдайтын улы зат екенін нақтылады. Ол нейротрансмиттерлік жүйелерді бұзып, нейроқабыну тудырады. Бұл когнитивтік және мінез-құлық бұзылыстарының негізінде жатқан іргелі механизмдер.
— 1950-ші жылдары Жапонияның Минамата қаласындағы химиялық зауыт жергілікті су айдынына метилсынап қалдықтарын төгіп, салдарынан мыңдаған адам уланғаны тарихтан белгілі. Жаппай уланудың ауыр неврологиялық және психиатриялық салдары ұзақ жылға созылды, жүздеген адам ауыр дерттен көз жұмды. Мұндай трагедиялық жайттар енді қайталанбауы тиіс, — деп ой түйеді дәрігер.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің өңірлік департаменті ұсынған деректер жаға ұстатарлық. Облыста 2023 жылы — 442, 2024 жылы — 400, 2025 жылы — 318 суицидік әрекет жасалған. Олардың жартысына жуығы өлім жағдайымен аяқталып отырған. Соңғы үш жылда 530 суицидік әрекет адам өлімімен тыныпты. Балалар суициді қоғамдағы ең ауыр қасіреттің біріне айналып тұр. Соңғы үш жылда кәмелет жасына жетпеген 66 бала өз-өзіне қол жұмсағаны мәлім болған. Ал жалпы суицидік әрекеттерді көбіне ер адамдар жасайтыны да анықталып отыр.
— Суицидтік әрекеттердің басым бөлігі Павлодар қаласына тиесілі. Былтыр алғашқы 10 айда 154 оқиға тіркелсе, соның 67-сі облыс орталығында болған. Салыстырмалы түрде алсақ, Екібастұз бен Ақсудағы жағдайлар одан үш есе аз. Суицидтік өлім деректері ҚР Қылмыстық кодексінің баптары бойынша тіркелген қылмыстардан кейін екінші орында тұр. Мысал үшін өткен жылдың алғашқы он бір айында 1051 адам өлімі тіркелсе, соның 154-і — суицидтік өлім, — деп баяндады департамент бастығы Мұрат Қожамқұлов.
Өкінішке қарай, Былқылдақ су жинағышы мен бұрынғы химиялық зауыт аймағында жиналып қалған сынап қалдықтары жергілікті халықтың денсаулығына қандай зиянын тигізіп отырғаны туралы медициналық деректер жоқтың қасы. Бұл тарапта жергілікті билік пен медициналық зерттеу ұйымдары арасында байланыстың жоқ екені де аңғарылады. Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының өкілдері бұл мәселе өз құзыреттеріне жатпайтынын хабарлады. Соған қарағанда экологиялық қауіп-қатердің адам денсаулығына әсері ешкімді ойландырмайтындай.
Талдау тұрғысынан қарасақ, экологиялық қолайсыз аймақ пен өңір ішіндегі жоғары суицидтік деңгей арасында жанама байланыс бар. Дәрігерлердің сөзінше, нашар экологиялық орта адамның физикалық денсаулығына ғана емес, жүйке жүйесі мен жалпы өмір сапасына, болашаққа деген оптимистік көзқарасына тікелей әсер етеді. Ластану жағдайында өмір сүру — созылмалы күйзелістің бір түрі. Сондықтан «Былқылдақ» мәселесін шешуде оның айналасына бөгеттер салумен ғана шектелмей, тәуелсіз халықаралық сарапшылардың қатысуымен ашық мониторинг жүйесін орнату керек деп ойлаймыз. Әрі бұл тұрғыда құрғақ статистикамен шектелмей, өңірдегі әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету орталықтарының жұмысын түбегейлі қайта қарау қажет. Павлодар қаласының келешегі зауыт мұржаларының санымен емес, тұрғындардың денсаулығымен және олардың ертеңгі күнге деген нық сенімімен өлшенуі тиіс.
Еске сала кетейік, 2022 жылы Мемлекет басшысы Павлодарға келгенде Былқылдақ көлін сынаптан тазарту мәселесін көтерген болатын.
Былқылдақтағы сынап қалдықтарынан Ертіске қауіп төнуі ықтималдығы туралы зерделеп көрген едік.