Министр әлем чемпиондары Айсара Керімбекова мен Болат Жұмаділовтің жағдайына қатысты түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM — Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мансабын аяқтаған және зейнеткер спортшыларды қолдауға қатысты түсінік берді. 

Министр әлем чемпиондары Айсара Керімбекова мен Болат Жұмаділовтің жағдайына қатысты түсінік берді
Фото: Kazinform

Еске сала кетсек, бұған дейін бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желілерде самбо мен дзюдодан Қазақстан атын әлемге танытқан Айсара Керімбекова бүгінде Алматыда аула сыпырып күн көріп жүргені туралы ақпарат шықты.

Одан бөлек, 1996 жылы Атланта Олимпиадасында және 2000 жылы Сидней Олимпиадасында бокстан күміс жүлдегер атанған, сондай-ақ 1999 жылғы бокстан әлем чемпионы Болат Жұмаділовтің қазіргі мүшкіл жағдайы туралы видео тарады.

Жұртшылық еліміздің намысын қорғап, көк туды көтерген ардагер спортшылардың жеке жағдайына алаңдатушылық танытып, қолдау білдіріп жатыр. Осы орайда жағдайды министрден сұрап көрген едік.

— Айсара анамыз бойынша бірнеше жиналыс өткіздім. Бізде 180 федерация бар, олардың KPI аясында зейнеткер спортшылар, жаттықтырушыларды жан-жақты қадағалап, осындай жайт қайталанбауы үшін жұмыс істеліп жатыр. Осы жұмыспен айналысу үшін зейнеткерлер одағын құрдық. Бүгінде демеушілерден қаражат алып, қолдан келгенше әр өңір болып, федерация болып көмек көрсетеміз. Бүгінде Айсара әже жұмысқа орналастырылды, басқа да материалдық жағдайын жасап жатырмыз. Болат ағамыз бойынша кезінде жұмыс ұсынса да, жаттығу процесін жүргізді, одан бөлек, қазір жұмысқа орналастырылып жатыр және федерация тарапынан материалдық көмек көрсетілді, — деп жауап берді Ербол Мырзабосынов Парламенттің бірлескен отырысынан кейін.

Сондай-ақ министр мемлекет тарапынан спортшының бала кезінен бастап, жоғары жетістігіне дейін қолдау көрсетілетінін еске салды.

— Олимпиада жеңімпазы болса, олардың өмір бойы алатын жалақысы бар. Одан бөлек, әлем, Азия чемпионаттарында топ жарғанда әр спортшыға үстемеақы төленеді. Биыл 10-ға жуық Олимпиада, әлем чемпионы, еліміздің намысын көтерген спортшылар өңірлердегі басқарма, федерация басшылығына тағайындалып жатыр. Оның ішінде Ермахан Ыбырайым, Бақтияр Артаев, Ақжүрек Таңатаров, Ислам Байрамуков, Серік Сәпиев бар, — деп толықтырды ведомство басшысы. 

 

Соңғы жаңалықтар