Министрлікке сейсмикалық қауіптілікке бағалау жүргізу өкілеттігі беріледі - Шыңғыс Әрінов
АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар министрлігіне сейсмикалық, сел және көшкін қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қала құрылысы жобаларын келісу бойынша функция беріледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында азаматтық қорғау туралы заң жобасын талқылау кезінде аталған ведомствоның басшысы Шыңғыс Әрінов мәлім етті.

- Сейсмикалық аймақтағы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңа жүйелі тәсілдер енгізілуде. Мемлекеттің, шаруашылық жүргізу субъектілерінің және халықтың өзара қарым-қатынасын реттейтін сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жеке тарау ретінде енгізіледі. Атап айтқанда, министрлік пен жергілікті атқарушы органдарға сейсмикалық қауіптілікке бағалау жүргізу өкілеттігі беріледі. Мұнда халықты қорғау жөніндегі іс-шаралар ескерілген, - деді Ш. Әрінов.
Сонымен қатар министрлікке сейсмикалық, сел және көшкін қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қала құрылысы жобаларын келісу бойынша функция беріледі.
- Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетіне орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға қатысты төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі бақылау функциялары беріледі. Азаматтық қорғаныс бойынша жекелеген нормалар көзделген. Қазіргі уақытта азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарының бір бөлігі жеке меншікте. Оны пайдалануды жеке меншік иелері өздері басқарады. Оларды есепке алу тәртібін белгілеу үшін құқықтық кадастрда жеке жылжымайтын мүлік объектісі ретінде құрылыстарды тіркеу енгізіледі. Сондай-ақ, «ең қарапайым жасырын паналар» деген жаңа ұғым енгізіліп отыр. Бұл халықты қорғау мақсатында арнайы жабдықталған жерасты паркингтері мен жертөлелер, - деді министр.
Еске салсақ, Алматыда 10 916 нысанға сейсмикалық аудит жүргізілді.