«Мир танков» ойынының Ресейдегі болашағы белгісіз — компания өкілдерінің мәлімдемесі
АСТАНА. KAZINFORM - Kazinform агенттігінің тілшісі Ресей аумағында танымал онлайн-ойын — «World of Tanks»-тің жұмысына тыйым салынғаны белгілі болғаннан кейін, Lesta Games компаниясына ресми сауал жолдады. Компания өкілдері бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.

Халықаралық активтерге бұл шешім әсер ете ме?
Компанияның хабарлауынша, «Lesta Games»-тің қызметі экстремистік деп танылған жоқ. Сот ісі әкімшілік сипатта болған және тек жеке тұлғалар Виктор Кислый мен Малик Хатажаевқа қатысты қозғалған. Айыптау тек Малика Хатажаевқа қатысты болғанымен, «Леста» оның меншігі болғандықтан, компанияға қатысты шектеу шаралары да қолданылған. Қазіргі уақытта «Леста» мемлекеттік меншікке өткен. Егер оның қызметі экстремистік деп танылғанда, бұл мүмкін болмас еді.
Халықаралық серіктестік мәселесі ойын лицензиялары бойынша алдағы саясатқа байланысты шешілмек. Лицензия Wargaming компаниясына тиесілі.
Бұл шешімге апелляциялық немесе халықаралық тәртіппен шағымдануға бола ма?
Компания өкілдерінің айтуынша, Малик Хатажаевқа қатысты сот шешіміне Ресей заңнамасы аясында апелляциялық шағым берілмек. Олардың пікірінше, бұл айыптау — құнды активті басып алуға бағытталған әрекет. Уақытша басқарушы мен кейінгі жаңа меншік иесі осы процесте мүдделі тарап болуы мүмкін. Мысал ретінде халықаралық инвестициялық қор — Gem Capital келтіріледі. Ақпарат көздерінің мәліметінше, бұл қор соңғы бір жыл ішінде «Леста» компаниясын сатып алуға қызығушылық танытып, бұрынғы меншік иесіне ұлттықтандыру қаупін ескерткен.
«World of Tanks» бренді мен зияткерлік меншік құқықтарын қолдануға Ресей аумағында тыйым салынған ба?
Ресей мен Беларусь аумағында «Мир танков», «Мир кораблей» және Tanks Blitz атауларымен локализацияланған нұсқалар қолжетімді. Ал бастапқы атаулардағы ойындар — World of Tanks, World of Warships және World of Tanks Blitz — бұл елдерде ресми түрде қолжетімсіз.
Ойыншыларды басқа платформаларға немесе ойындарға бағыттау арқылы залалды өтеу мүмкін бе?
— Онлайн-ойындар саласындағы геймдевке келсек, мұндай операцияны әлемде ешбір компания жүзеге асыра алмайды. Бұл — бірегей өнімдер. Олар аудиторияны басқа ойындардан тартқан жоқ, өз аудиториясын ұзақ жыл бойы қалыптастырды. Бір кездері адамдар компьютерді үйренуді тек «Танктерді» ойнау үшін бастаған, — дейді «Lesta Games» компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Гаухар Алдиярова.
Оның айтуынша, онлайн-ойындар индустриясында бір жобадан екіншісіне аудиторияны «ауыстыру» мүмкін емес, мұндай тетік жұмыс істемейді.
IP тыйым салынған жағдайда, «бейтарап» нұсқасын шығару мүмкін бе?
Компания өкілдері IP-ге (зияткерлік меншікке) тыйым салынған жағдайда, онлайн-ойынның т.с.с. «бейтарап» нұсқасын техникалық және заңдық тұрғыда шығару мүмкін емес екенін мәлімдеді. Мұндай өнімдерді «көшіру» немесе «ұрлау» мүмкін емес, себебі олар көптеген лицензиялық келісімдерге негізделген. Мәселен, «Мир танков» жобасының өзінде ғана 100-ден астам технологиялық шешімдерге — дыбыстық жүйелерден бастап, физика және интерфейс жүйелеріне дейін — лицензия алынған. Бұл компоненттерсіз ойынды толыққанды қолдау және дамыту мүмкін болмайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін сот «Леста» компаниясының қызметіне тыйым салу туралы шешім шығарған. Бұл шешім бейнеойындар әзірлеушісін экстремистер мен террористер тізіміне енгізуге негіз болуы мүмкін.