«Миранда» қағидаты адам құқығын қорғауда маңызды рөл атқарады – Серік Ақылбай
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда Конституциялық реформа аясында адам бостандығын қорғауға қатысты маңызды өзгерістер талқыланып жатыр. Соның ішінде, адамды қамауға алған сәтте оның құқықтарын бірден түсіндіру және тергеу мерзімін азайту мәселесі көтерілді.
Бұл бастаманың мән-жайын «Қазақстан заңгерлер одағының» төрағасы Серік Ақылбай Jibek Joly арнасына берген сұхбатында егжей-тегжейлі айтып берді.
Заңгердің айтуынша, адамды уақытша оқшаулау мерзімін қысқарту тергеушілер тарапынан болатын заңсыз әрекеттердің алдын алады.
– Қазіргі ұсыныс – күдіктіні қамауда ұстау уақытын 48 сағатқа дейін қысқарту. Себебі адам ұзақ уақыт қамауда отырса, тергеушілер тарапынан психологиялық немесе физикалық қысым көріп, конституциялық құқықтары бұзылуы мүмкін. Сондықтан бұл өте дер кезінде жасалып жатқан қадам, - деді Серік Ақылбай.
Бұл ретте сарапшы «Миранда» қағидатының маңыздылығына тоқталды. Бұл халықаралық тәжірибе бойынша, полиция күдіктіні қамауға алған немесе тергеуді бастаған сәтте оған өз құқықтарын міндетті түрде айтылу керек.
Маманның сөзінше, әлемдік тәжірибеде бар «Миранда» қағидасын енгізу – демократиялық қоғамның белгісі. Бұл ереже бойынша, тәртіп сақшылары адамды қолға түсірген сәтте үнсіз қалу құқығын, айтқан сөздерінің сотта өзіне қарсы қолданылуы мүмкін екендігін, адвокат көмегіне жүгіну құқығы және мемлекет есебінен адвокат алу құқығы барын айтуға міндетті.
Егер бұл құқықтар түсіндірілмесе, күдіктінің айтқан сөздері сотта дәлел ретінде жарамсыз деп танылуы мүмкін.
Айта кетейік, Конституциялық комиссия мүшелері бұған дейін 72 сағатқа созылған қамау мерзімін 48 сағатқа дейін азайтуды қолдап отыр.