Конституциялық комиссия мүшесі сот санкциясынсыз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқартуды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев Қазақстан аумағында сот санкциясынсыз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқартуды ұсынды. 

Вице-Президент Президент өкілеттігін ала алмаса, уақытша билік кімге өтеді – Конституциялық реформа
Фото: видеодан алынған скрин

— Адам құқығының түпкі негізі — жеке бас бостандығы. Ешкімнің заңсыз ұсталуына жол берілмеуге тиіс. Қамау — тек сот шешімімен ғана орындалатын ең ауыр шара. Бұл — талқылауды қажет етпейтін іргелі қағидат. Дегенмен тергеу мүддесі мен объективті шындықты ескермеуге де болмайды. Уақытша ұстау — тергеудің алғашқы кезеңіндегі мәжбүрлі айрықша шара. Бірақ осы уақытша шараның өзі мейлінше қысқа мерзімге ғана қолданылуға тиіс. Ең бастысы, сот қарауына тез арада жеткізу керек. Технологиялар дамыған бүгінгі заманда материалдарды сотқа ұсыну үшін ұзақ уақыттың қажеті жоқ. Негізгі тергеу әрекеттері алғашқы тәулікте-ақ атқарылады. Сот бақылауын ертерек іске қосу азаматқа ғана емес, мемлекетке де тиімді. Сот санкциясы — тергеу заңдылығының басты кепілі және қоғам сенімінің тірегі. Осы ретте халықаралық озық тәжірибені ескере отырып, Конституцияда сот санкциясынсыз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқартуды ұсынамын, — деді ол Конституциялық комиссияның алғашқы отырысында.

Сондай-ақ, ол Миранда қағидатының заң практикасындағы үстемдігі қаншалықты маңызды екеніне тоқталды.

— Адамға не себепті ұсталғанын және оның қандай құқықтары бар екенін дәл сол сәтте еш кідіріссіз, анық жеткізу керек. Бұл қағида — азаматты ғана емес, мемлекеттің беделін де қорғайтын тетік. Ашықтық бар жерде негізсіз үрей емес, өркениетті құқықтық диалог қалыптасады. Халықаралық деңгейде мойындалған Миранда қағидасы — құқықтық мемлекеттің мызғымас өлшемі. Азамат өз құқығын тағдыры таразыға түскен алғашқы минуттан бастап білуге тиіс. Дәл осы сындарлы сәтте адам мемлекеттің қатал күшін емес, оның әділ қорғанын сезіну қажет. Ал сол құқықтардың ішіндегі ең маңыздысы — кәсіби адвокаттардың көмегіне жүгіну құқығы. Адвокаттың көмегінсіз құқық — қағаз жүзіндегі декларация ғана. Ал кәсіби адвокаттың қатысуы сол құқықтың нақты іске асуы мен шынайы қорғаудың кепілі. Сондықтан ұсталған адамға оның құқықтарын, соның ішінде адвокат көмегіне жүгіну мүмкіндігін ұстау сәтінен бастап түсіндіруді Конституция деңгейінде бекітуді ұсынамын, — деді Мәди Мырзағараев.

Бұған дейін Конституциялық комиссияның құрамында кімдер кіргенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум