Монакода тұрғын үйде жарылыс болып, үш адам жарақат алды
АСТАНА. KAZINFORM – Монакода тұрғын үйде болған жарылыстан үш адам жарақат алды. Билік оқиғаны қасақана жасалған шабуыл ретінде тергеп жатыр, деп хабарлайды France24.
Мемлекеттік министр Кристоф Мирманның AFP агенттігіне айтуынша, жарылыс «лаңкестік әрекет болуы әбден мүмкін».
Жарылыс жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 21:00-де Франциямен шекараға жақын орналасқан тұрғын үйде болған.
Бас прокурор Стефан Тибоның мәліметінше, күдікті ғимараттың кіреберісіне сөмке немесе күмәнді зат қалдырып, кейін оқиға орнынан кеткен.
Оның айтуынша, әзірге дәл осы ғимараттың неліктен нысанаға алынғанын көрсететін ешқандай дерек жоқ.
Жарылыстан зардап шеккен 50–60 жастағы ерлі-зайыптының жағдайы ауыр. Сондай-ақ олардың туысы болуы мүмкін 13 жастағы жасөспірім жеңіл жарақат алған. Зардап шеккендердің азаматтығы әзірге жарияланған жоқ.
Кристоф Мирманның айтуынша, жарылғыш құрылғының ішінде болттар мен бытыра болған деген болжам бар. Қазір полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
– Менің білуімше, бұл – Монако князьдігі тарихындағы осындай алғашқы оқиға, – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Қатардың ең ірі энергетикалық кешеніндегі жарылыстан 50-ден астам адам жарақат алып, 18 адам із-түзсіз жағалғанын жаздық.
Ал Өзбекстанда жанармай бекетінде болған жарылыстан 6 адам қаза тапты.