Монғолия қазақстандық локомотивтерді сатып алуға ниет білдіріп отыр - А. Мамин
А Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - «Қазақстан темір жолы» компаниясы инновациялық-технологиялық әлеуетті көтеру жолында бірлескен кәсіпорындарды құру жұмысына негізгі басымдық беріп отыр. Бұл туралы бүгін Астанада басталған ұлттық компаниялар басшыларының І-ші Инновациялық саммитінде «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Асқар Мамин айтты.
Оның айтуынша, алдағы уақытта локомотивтер мен тепловоздарды шығаратын бірлескен кәсіпорындар ашылады. «Қазірдің өзінде Монғолия біздің локомотивтерді сатып алуға ниет білдіріп отыр. Сондай-ақ, алдағы айларда жылына 150 тепловоз шығаратын бірлескен зауытты ашу жоспарланып отыр. Ал темір жол тасымалы саласын дамытудың арқасында жол жүру уақыты екі есеге қысқаратын болады», дейді А. Мамин.
Компания басшысының сөзіне қарағанда, Қазақстанның темір жол қатынасын дамытудың 10 жылдық бағдарламасына 35 млрд. доллар салынады.