Моңғолиялық қазақ министр Қазақстаннан келген бизнес-делегацияны қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ұланбатырда Қазақстан Республикасының «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы мен Моңғолияның ұлттық сауда-өнеркәсіптік палатасының Моңғолиядағы ҚР елшілігінің ықпалымен бірлесе ұйымдастырған қазақстандық өндірушілердің сауда миссиясы өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
None
None

Ұлттық компания мәліметінше, трансформаторлар, күзет жүйесі мен өрт сөндіру, аккумулятор батареясы, вакуумды сөндіргіштер, жылумен қамту құбырлары, герметика, терезе және есік фурнитуралары, талшықтас цементтер, дәрі-дәрмек, қатпаржәшік, ас және техника тұздары, балмұздақ, май өнімдерін өндіретін 14 өндіруші Моңғолияның 100-ге жуық көтерме сауда және дистрибьюторлық компанияларының өкілдерімен өз өнімдерін жеткізу туралы келіссөздер жүргізді.

«Моңғолия-Қазақстан» бизнес форумның мақсаты - екі ел арасындағы бизнесті жақындату. Бүгін аталған салалардан басқа, уран, алтын өңдеу бағыттары бойынша ынтымақтастық әлеуетін арттыру маңызды, құрылыс, қауіпсіздік мәселелерін шешу, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы салаларындағы Қазақстанның тәжірибесі моңғол тарапына өте қызықты», - деді Моңғолиядағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі К.Қобыландин.

«Қазақстандық делегациямен кездескенімізге өте қуаныштымыз. Моңғолияда құрылыс көлемі артып келеді. Әрине жеке құрылыстар басым, алайда бюджеттік құрылыстар да салынып жатыр. «Моңғолия-Қазақстан» бизнес-форумының өткізілуі - екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың тағы бір амалы, екі ел арасындағы тауар айналымын табысты арттырудың кепілі. Моңғол компанияларымен байланыс орнатудағы істеріңізге сәттілік тілеймін. Мен өз тарапымнан қазақ халқымен байланысты дамытуға қолдау көрсететін боламын», - деді Моңғолияның қала құрылысы және құрылыс министрі Беделхан Хавдислам (шығу тегі бойынша - этникалық қазақ).

Соңғы жаңалықтар