Моңғолияның тері өңдеу саласы жоғары деңгейде — Ермек Кенжеханұлы

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы қол қойылған меморандум нәтижесінде бірлескен жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Қазақстан-Моңғолия бизнес форумында мәлімдеді. 

Моңғолияның тері өңдеу саласы жоғары деңгейде — Ермек Кенжеханұлы
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Былтыр Қазақстан мен Моңғолияның ауыл шаруашылығына жауапты министрліктері меморандумға қол қойған. Құжатқа сай, өңдеу саласында бірге жұмыс істейміз. Сол келісімшарт аясында біздің делегация аталған елге барып, бірнеше кездесу өткізді. Өңдеу кәсіпорындарының жұмысымен танысып, зерттеді. Біздің бизнес өкілдері де аталған елге барып қайтты. Бүгінгі форум аясында да келіссөздер жүріп жатыр, — деді ол.

Ермек Кенжеханұлының сөзінше, еліміз Моңғолияның тері өңдеу секторын жоғары бағалайды.

— Моңғолияның тері өңдеу саласы жоғары деңгейде. Біз қазір осы бағытты тереңірек зерттеп, екі жақтың бизнес өкілдерін байланыстырып жатырмыз. Ал моңғол тарапы біздің мал шаруашылығына қызығушылық танытып отыр. Егер инвестиция құямын деген кәсіпкерлер болса, барлық жағдайын жасауға дайынбыз, — деді вице-министр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Моңғолияға вагон экспорттайтынын жазғанбыз.