Моноқалаларға баратын дәрігерлер қандай әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мәжіліс депутаттарының сауалына орай моноқалаларға баратын дәрігерлерге қандай әлеуметтік кепілдіктер берілетінін айтты.
— «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 12-бабына сәйкес, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесін, сондай-ақ оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындайды, — деді вице-премьер жауабында.
Оның мәліметінше, аталған кодекстің 272-бабына сәйкес, ауылдық ауылдық жерде және кенттерде, аудандық маңызы бар қалаларда жұмыс істейтін, мемлекеттік медициналық ұйымдардың медицина қызметкерлеріне мынадай әлеуметтік қолдау шаралары көзделеді:
— Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың шешімімен міндетті түрде тұрғынжай, оның ішінде қызметтік тұрғынжай беру;
— жергілікті атқарушы орган белгілеген тәртіппен жәрдемақылардың міндетті түрде төленуі;
— жергілікті атқарушы органдардың шешімімен коммуналдық шығыстарды өтеу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету және басқа да жеңілдіктер;
— өзге де шаралар.
— Қазіргі уақытта өңірлердің жергілікті өкілді органдары ауылдық жерлерге, кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға, оның ішінде моноқалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесін (тұрғын үймен қамтамасыз ету, жәрдемақы төлеу, коммуналдық шығыстарды өтеу және басқа да жеңілдіктер), сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың тәртібі мен мөлшерін айқындайды. 2025 жылы республика бойынша жалпы 1 760 дәрігер, оның ішінде 546 дәрігер — қалаларда, 1 009 дәрігер — ауылдық елді мекендерде және 205 дәрігер — моноқалаларда әлеуметтік қолдау алды, — деді Аида Балаева.
Оның атап өтуінше, 2025 жылы моноқалаларда 137 дәрігерге 3 000 000-нан 8 500 000 теңгеге дейін жәрдемақы төленді; 112 дәрігер тұрғын үймен қамтамасыз етілді; 9 дәрігер өзге де әлеуметтік қолдау шараларын (5 АЕК мөлшерінде коммуналдық төлемдер, балабақшадан орын беру, ерін немесе зайыбын жұмысқа орналастыру) алды.
— Бұл ауылдық елді мекендерді ғана емес, моноқалаларды да дамыту мен қолдаудың басымдығын растайды. Үкімет саладағы кадрлық әлеуетті дамыту, медицина қызметкерлерін әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз ету және оларды қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөледі, — деді ол.
Бұған дейін ауылға баратын дәрігерлерге қандай қолдау тетіктері қарастырылғанын жазған едік.