Мүгедектерді әлеуметтік қорғауға бағытталған заң жобасы Парламентке жыл соңына дейін ұсынылады - Еңбек министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың соңына қарай Парламентке «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлеріне мүгедектердi әлеуметтiк қорғау мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы ұсынылатын болады.
None
None

Бүгін Мәжілісте мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осылай мәлім етті.

Министрдің сөзіне қарағанда, аталған заң жобасы 30-дан астам нормативтiк-құқықтық актiлерге өзгерiстер енгiзудi қарастырады.

«Парламентке ұсынылатын құжатта мүгедектер үшін арнаулы әлеуметтік жұмыс орындарын құру мәселелері көзделеді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жұмыс жағдайларын жасайтын жұмыс берушілерді қолдау тетігі де қарастырылып отыр. Сондай-ақ мүгедектерге арналған жұмыс орындарын квоталау тетігі қайта қаралмақ», - деді Т. Дүйсенова.

Бұдан бөлек, заң жобасында елімізде салынатын нысандарды жобалау, салу және кейіннен пайдалануға беру процесінде сәулет, қала салу және құрылыс қызметі туралы заңнаманы бұзғандардың жауапкершілігі күшейтіледі. Халықтың осындай әлжуаз топтарының нысандарға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін құрылысы аяқталған нысандарды тапсыру және пайдалдануға қабылдауға қатысатын азаматтардың жауапкершілігі де қарастырылады.

«Мүгедектерге теміржол көлігі, әуе тасымалы, су көлігі қызметтерінің қолжетімділігі үшін жағдайлар жасау, мүгедектердің кез келген ақпаратты өзіне қолайлы форматта алу құқығын кеңейту ұсынылады. Бұнымен қоса, мүмкіндігі шектеулі жандарға және сондай тұлғалары бар отбасыларға берілетін тұрғын үйлерді арнаулы құралдармен және құрылғылармен жабдықтау тәртібі енгізіледі», - деді Т. Дүйсенова.

Соңғы жаңалықтар
Референдум