Мүгедектерге жағдай жасалмаған нысандарды пайдалануға қабылдамау керек - апталық шолу

АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптада бірқатар елдің мемлекет басшылары Астанаға ат басын бұрып, Ақордада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты. Онда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Украина Президенті Виктор Янукович және Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевтар болды.
None
None

«Былтырғы жылдың желтоқсанында біз жиі кездесуге уағдаласқан едік. Осыған қатысты сондай-ақ Еуразиялық экономикалық кеңесті құру бойынша құжаттарды қабылдау қарқынын үдету үшін биыл 3 рет бас қосамыз. Бүгінгі күні сол уағдаластықтың аясындағы бірінші отырысты бастағалы жатырмыз. Ең бастысы - бұл біздің одан әрі интеграцияға ұмтылысымыз», - деді Н. Назарбаев. Бұл ретте Президент интеграцияның оның барлық мүшелеріне қатысты тиімділігі болуы керектігін атап өтті.

Атап өтерлігі, осы басқосуда Қырғызстанның Кеден одағына кіруі үшін Жол картасын даярлайтын жұмыс тобы құрылғандығы мәлім болды. Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің ауқымын кеңейту мәселелері қарастырылғанын баса айтқан Елбасы, «Өздеріңіз білетіндей, Қырғызстан Кеден одағына кіруге өтініш берді. Біз оны қараудамыз. Қырғызстанның Кеден одағына кіруі үшін тиісті Жол картасын даярлайтын жұмыс тобы құрылды», - деді.

Украина біздің Кеден Одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік, сондай-ақ болашақта Еуразия экономикалық одағы аясындағы жұмысымызға бақылаушы мәртебесін алуға ықыласын білдірді. «Бұл орайда Қырғызстан мен Украина президенттері осы отырысқа шақырылды және біздің пікірталастарымызға қатысты. Біз олардың ниетіне қолдау білдіріп, тиісті шешім қабылдадық. Жоғары кеңестің келесі отырысында мақұлдай алуымыз үшін күзге қарай сарапшылар барлық қажетті құжаттарды дайындайды деген келісімге қол жеткізілді», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті жиынға қатысушылардың кездесу нәтижелеріне қанағаттанғанын атап өтті. Келесі отырыстар қазанда Минскіде және желтоқсанда Мәскеуде өтеді.

Президенттің айтуынша, интеграцияның негізгі бағыттары туралы шешімдер қабылданып, бұл шешім арқылы Еуразиялық экономикалық одақ құруды дамытудың негіздері қаланады. «Біз оны 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін 2014 жылғы 1 мамырға қарай құжаттардың жобалары мемлекеттер басшыларының қарауына ұсынылуға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Осы алқалы жиын барысында Елбасы Еуразиялық экономикалық интеграция сатылап жүзеге асатынын атап өтті. Экономикалық интеграция прагматизмге және барлық мүше-мемлекеттердің өзара тиімділігіне негізделген.

Айта кетейік, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес аясында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. «Біріншіден, Еуразиялық экономикалық комиссияның қызметіне сауда саласындағы халықаралық келісімдер жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер енгізілді. Бұл құжат Кедендік одаққа мүше-мемлекеттерге белсенді өзара іс-әрекеттерді дамытуға жол ашады, коммерциялық алаңдар ұйымдастыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ, бұл біздің сауда жөніндегі әріптестеріміздің шеңберін кеңейте түседі. Ал, өз кезегінде бұл өзгерістер одан да тығыз интеграция үшін аса қажет», - деді Н. Назарбаев. Отырыс барысында Кедендік одаққа мүше-мемлекеттердің агроөнеркәсіптік саясат тұжырымдамасы да келісілген. Бұдан бөлек интеграциялық-ақпараттық жүйені дамыту бойынша уағадаластықтар жасалды. Статистика саласында өзара ақпараттық байланыс мәселелері де келіссөз шеңберінде қамтылды. «Біз Кедендік одақ, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің көкжиегін кеңейту мәселелерін жеке топтамада қарастырдық», - деді Президент.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, алқалы жиынға қатысқан Президенттер Кеден одағы аясындағы интеграциялық процестерді нығайту бойынша теңгерімді саясатты одан әрі жалғастыруға ниетті екендіктерін білдірген.

Мүгедектердің өмір сапасын жақсарту іс-шаралар жоспарының келесі кезеңі әзірленуде

Бұл аптадағы Үкімет отырысында 2012-2018 жылдарға арналған мүгедектердің өмір сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы туралы баяндалды.

«Іс-шара жоспарының бірінші кезеңі биыл жүзеге асады. Министрлік жоспардың 2014-2015 жылдарды қамтитын келесі кезеңін әзірлеуде», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов. Министрдің атап өтуінше, қазіргі уақытта мүгедектердің құқын қорғау мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу, әлеуметтік-инфрақұрылымның нақты нысандарына мүгедектердің қолжетімділігін және тиісінше қызмет көрсетілуін қамтамасыз ететін қанатқақты жобаларды әзірлеу, мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемаларына қоғамның түсіністікпен қарауы, ықпал ететін ақпараттық науқан ұйымдастыру сынды келелі міндеттерді шешу көзделіп отыр. Ведомстводағылар жоспарды 2017 жылға дейінгі кезең-кезеңмен жүзеге асыру арқылы инфрақұрылымы дамыған әлеуметтік көмек көрсетудің толыққанды жүйесін құруды аяқтауға мүмкіндік туады деп пайымдап отыр.

Сонымен қатар отырыс барысында жол инфрақұрылымдарын мүгедектер үшін бейімдеу қажет екені баса айтылды. Әлеуметтік маңызы бар нысандарды жергілікті атқарушы органдардың мүгедектердің жүріп-тұруы үшін бейімдеу республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. «Келесі жылы жоспарға сәйкес мүгедектер үшін жол инфрақұрылымдарын бейімдеу, жүріп-тұруға қиындықтары бар мүгедектерге көлік қызметі тізбесін көбейту қажет. Халықаралық тәжірибеде қалалық көліктерді пайдалануға мүмкіншілігі жоқ мүгедектер үшін инватакси қызметі кеңінен қолданылады», - деді министр. Белгілі болғандай, бүгінгі таңда облыстарда инватаксидің 102 көлігі жұмыс істейді екен. Олар жыл сайын 191 мыңнан астам мүгедекке көмек көрсетеді.

Бұған қоса осы тақырып аясында Мүгедектерге нысандардың қолжетімділігі картасын әзірлеу қажет екені айтылды. Мүгедектер үшін инватакси қызметін дамытудың сәйкесінше нормативтерін бекіту қажет. Сондай-ақ жыл сайын инватакси қызметін дамытуға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру керек.

«Біз нысандарға қолжетімділік картасын әзірлеуді ұсынамыз. Басқаша айтқанда, ақпараттық автоматтандырылған база дайындау керек. Жоспарды жүзеге асырудың бірінші кезеңінде ол нысандардың қолжетімділігін төлқұжаттауды мониторингілеуге және оларды бейімдеуге пайдаланылатын болады», - деді С. Әбденов. Осыдан кейін Картаны азаматтарға қолжетімді сайтқа орналастыруға болады. Одан әрбір адам республика бойынша өзіне қажетті ақпараттарды ала алады.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың 68 пайызы еңбекке қабілетті жаста көрінеді. «Мүгедектерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің тиімді шарасы «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы болып саналады. Оның аясында 1049 адам жұмысқа тартылды», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, мемлекеттік сатып алулар жүйесіндегі қолданыстағы преференция мүгедектер құрған қоғамдық бірлестіктер өндірісінің көлемін төмендетпеуге, жұмыс орындарын сақтауға және мүгедектігі бойынша алатын әлеуметтік жәрдемақысына қосымша табыс табуға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары жұмыспен қамтылған мүгедектердің саны 50 мың адамды немесе еңбекке қабілетті жастағылардың 12 пайызын құрайды.

ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтың айтуынша, Мүгедектерге жағдай жасалмаған нысандарды пайдалануға қабылдамау керек. Үкімет басшысы өз сөзінде мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрғын үйлерге, білім беру, денсаулық сақтау, мәдени және спорттық нысандарға кіріп-шығу мүмкіндігін қамтамасыз етуге баса назар аудартты. «Мұндайда ешқандай формализм мен мейірімсіздік болмауы тиіс. Әрине, бұл бағытта 2006-2008 жылдарға арналған мүгедектерді оңалту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында жоспар қабылданғанға дейін жұмыстар жүргізілді. Дегенмен, қоғамның, оның ішінде мүгедектердің көңілінен шығатын нәтижелер болған жоқ», - деді С.Ахметов. Сондай-ақ ол еліміздің өңірлерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қажетті жеріне апарып, алып келу бағытындағы жұмыстардың дұрыс жүргізілмей отырғандығын баса айтты. «102 инватакси жұмыс істейді. Мен әкімдердің назарын аудартқым келеді. Орташа алғанда өңірлерде 7-8 инватакси бар. Енді, құрметті біздің әкімдер бұл көп пен әлде аз ба, санаңыздар», - деді Үкімет басшысы.

С.Ахметов көптеген нысандарда мүгедектерге арналған пандустар салынғанымен олардың сын көтермейтіндігіне ерекше тоқталып өтті.

Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов 2020 жылға қарай Қазақстанда инклюзивті мектептер үлесі 70 пайызға артатынын жеткізді. «Республикада инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын 1462 мектеп және 166 балабақша жұмыс жасауда. 2020 жылға қарай аталған мектептердің үлесі 70 пайызға дейін артатын болады»,- деді ол.

Министрдің атап өтуінше, мүгедек балалар «кедергісіз аймақтармен» қамтамасыз етіледі. Пандустер орнатылады, арнайы жиһаздармен және құралдармен жабдықталады. «Үйде оқитын мүгедек балалар - мүмкіндігі шектеулі балалар арасында ең әлсіз топқа жатады. 2013 жылдың басында республика бойынша 53989 мүгедек бала тіркелген. Оның 8796-сы үйде оқиды», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар