Мүлікті жария ету мерзімін ұзартатын құжат мақұлданды - Мәжіліс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
None
None

Құжат Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталады.

Заң жобасы рақымшылық аясындағы жария ету субъектілері үшін бірқатар кепілдіктер көзделеді. Атап айтқанда, құқық қорғау, басқа мемлекеттік органдары, банктер мен өзге ұйымдар қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерінен қосымша қорғалу бөлігінде қылмыстық жауаптылыққа дейін қылмыстық заңнама нормаларын нақтылау және қатаңдату қарастырылады. Екіншіден, қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жария ету барысында алынған ақпаратты пайдалануға жол берілмейді. Үшіншіден, мүлікке жария етуді өткізу процесінде мемлекеттік кірістер органдарына салық төлеуші туралы алған мәліметтерді және ақпараттарды ұсынуға тыйым салынады. Бұдан бөлек, банктік заңнамаға жария етілген ақша туралы ақпаратты тек Бас прокурордың немесе оның орынбасарларының санкциясымен ғана құқық қорғау органдарына беру нормасы енгізіліп отыр. Сосын жария етілген мүлікті тәркілеуге тыйым салынатын нормалар да бар.

Сонымен қатар, рақымшылық акциясы аясында ақшаны жария ету бойынша 3 опция ұсынылады. Бұл ретте біріншіден, банк шоттарына олардың сақталуы бойынша міндеттемесіз, алымдарды төлемей, шектеусіз өзінің қарауы бойынша иелік етуіне қарай аударуға мүмкіндіктер көзделеді. Сонымен қатар, банк шотына 10 пайыз мөлшерінде алымды төлемей-ақ аудару қарастырылады. Сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығына жария етілген ақшаны инвестициялау мүмкіндігі де беріліп отыр, одан да алымдар алынбайды.

Заң жобасында қамтылған шараларды іске асыру үшін жария ету мерзімін 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту (жалпыға ортақ декларациялаудың және «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істеуінің басталуымен байланыстырылады) қарастырылуда.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.

Соңғы жаңалықтар