Мумбай полициясы актерлік мектепте кепілге алынған 17 баланы құтқарды
АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның Мумбай қаласының полициясы актерлік шеберлік мектебінде кепілге алынған 17 бала мен екі ересекті аман-есен құтқарды, деп жазады ВВС.
                                              Полицияның мәліметіне сүйенсек, оқиға балалар тыңдау (кастинг) өтіп жатқан сәтте болған. Күдікті өз атын Рохит Арья деп таныстырып, балаларды кепілге алғанын мәлімдеген.
Алдымен полиция күдіктіні келіссөзге шақырған, алайда ол талаптарын орындаудан бас тартқан соң, офицерлер күштеп ғимаратқа кірген. Арнайы жасақ студияға жуынатын бөлменің терезесі арқылы кіріп, оқиға орнынан пневматикалық тапанша мен белгісіз химиялық зат тапқан.
Полиция мәліметінше, Рохит Арья құтқару операциясы кезінде жараланып, кейін ауруханада көз жұмған.
Оқиға жергілікті тұрғындар мен балалардың ата-аналары арасында үлкен дүрбелең туғызды. Үндістандық телеарналар күдіктінің балаларды не себепті кепілге алғанын түсіндіруге тырысып, белгісіз адамдарға сұрақ қоюды қалағанын айтқан видеоны көрсетті.
Қазіргі уақытта полиция күдіктінің үйін тінтіп жатыр. Тергеу жалғасуда.
Еске сала кетсек, биыл наурызда Пәкістанда содырлар пойыздың 450 жолаушысын кепілге алған еді.