Мұнай-газ нысандарындағы апаттардың негізгі себептері белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы мұнай-газ нысандарындағы апаттарға көбіне жабдықтар мен құбырлардағы ақаулар, мұнай мен газдың ағуы, сондай-ақ өндірістік бақылаудағы кемшіліктер себеп болады.

мұнай-газ
Фото: Kazinform/ЖИ

Бұл туралы ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің мұнай-газ және мұнай өңдеу өнеркәсібіндегі мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының басшысы Ахан Телманов айтты.

Спикердің айтуынша, мұнай-газ кешені нысандарында өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ТЖМ қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Мұнай-газ саласы технологиялық тұрғыдан ең күрделі салалардың қатарына жатады. Бұл салада қысыммен жұмыс істейтін жабдықтар, құбыржолдар, резервуарлар, бұрғылау және технологиялық қондырғылар пайдаланылады, ал өндірістік процестер жанғыш және жарылыс қаупі бар заттарды қолданумен байланысты.

— 2024-2026 жылдардағы апаттарды талдау олардың негізгі себептері көбіне қайталанатынын көрсетті. Апаттарға жабдықтар мен құбырлардан мұнай немесе газдың ағып кетуі, коррозия мен дәнекерлеу кезіндегі ақаулар, ұңғымаларды бұрғылау және жөндеу кезінде газ, мұнай мен судың сыртқа шығуы, жарылыс пен өрт, сондай-ақ жұмысты ұйымдастыру мен өндірістік бақылаудағы кемшіліктер себеп болып отыр, — деді Ахан Телманов.

Сондықтан оның айтуынша, маңызды мәселелердің бірі — жабдықтарды дер кезінде жаңарту.

— 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қауіпті өндірістік нысандарды жаңарту және техникалық қайта жарақтандыру бойынша жоспарларды тиісті органмен келісу тәртібі енгізілді. Кәсіпорындар осы жоспардағы жұмыстарды белгіленген мерзімде орындауға міндетті, — деді спикер.

Ахан Телманов басты міндет апат болғаннан кейін оның себебін анықтау емес, қауіп-қатерді алдын ала анықтап, апатқа жеткізбей жою екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін мұнай өңдеу қуаты 40 млн тоннаға дейін артатыны хабарланды.