Мұнай индустриясы Атырау экономикасын қалай әртараптандырып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Президент ТРК бұл сұраққа «Жаңа Атырау» деректі фильмі арқылы жауап іздеп көрді. Фильм Jibek Joly арнасында бүгін сағат 15:30–да көрсетіледі.
Атырау облысының географиялық орны бұл өңірді Каспий маңы аймағының транзиттік хабына айналдырды.

Осы жолда тұрақты әрі жемісті еңбек етіп келе жатқан компаниялардың бірі — TEXOL кәсіпорны 30 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Шота Абхазава ең алғашқы келісімшартты «Теңізшевройл» компаниясымен жасағандарын еске алады. Кейін кәсіпорын вагон құрамын ұлғайтып, сұйытылған газ тасымалына маманданады. Тың бағыт компанияны 1939 жылы негізі қаланған вагон жөндеу депосын құрамына қосуға итермелейді.

«Ақ-Жайық 7» вагон жөндеу депосы жылына 9 мың вагон жөндеуге қауқарлы. Мекеме көбіне мұнай-газ тасымалдайтын вагондарды жөндеумен айналысады. Оған қоса Атырау облысында пойыз вагондарының барлық түріне арналған дөңгелек жұптары құрастырылады.

«Атырау ВДШ» ЖШС бас инженері Ерсұлтан Жамалаш мұнда өндіріс толықтай автоматтандырылған конвейерге негізделгенін айтады.

— Өндірістің жалпы қуаттылығы бізде күніне 28 дөңгелек жұбын жасауға есептелген. Бұл күн сайын 7 вагонды қайтадан магистральдық желіге қоса аламыз дегенді білдіреді, — дейді ЖШС басшысы.
TEXOL компаниясының инженерлері мұнай резервуарын тазалайтын робот жасап шығарған. Өздері оны 100 пайыз Қазақстанның инновациялық өнімі ретінде таныстырып жүр.

Мұнай резервуарын тазалау шебері Асхат Дөрбиев мұнай резервуарларын жөндеген кезде сарқынды қалдықты осы роботтың көмегімен тазалап жүргендерін айтады.
Атырауда әртүрлі жүктерді тасымалдауға арналған вагон жасайтын зауыт бар. Кәсіпорын 2026 жылға қарай жылына 6-7 мың вагон жасап шығаруды жоспарлап отыр.
«Тексол транс» ЖШС бас директоры Борис Зиганшин жұмысқа қажет мамандарды сырттан іздемеу үшін жергілікті кәсіптік-техникалық колледждермен әріптестік орнатып жатқандарын мәлім етті.

— Әуелі маман тапшылығын жергілікті колледждермен әріптестік арқылы шешеміз. Кейін өз мамандарымызды дайындайтын жеке оқу орнын ашпақпыз, — дейді ол.
Шота Абхазава кезінде өз компаниясын сұйытылған газ тасымалдауға бейімдеу ең ұтымды шешім болғанын айтады.

— Қазір біз шынымен сұйытылған газ тасымалындағы ең дамып келе жатқан компаниямыз. Бұл теміржол тасымалындағы ең бір күрделі саланың бірі. Бұл іске техникалық біліммен қоса бұлжымас тәртіп, озық технология керек. Күштің бәрін осыған салып жатырмыз. Өндіріс процестерін технология жаңарған сайын жетілдіріп отырамыз. Соның арқасында үнемі оңтайландыру болып тұрады. Осы тұрғыдан алғанда саладағы стандарттарды енгізуге қауқарлы жетекші кәсіпорын болдық деп айта аламын, — дейді Шота Абхазава.

Атыраудың қойнауындағы батпан-батпан байлықты сарқа игеріп жатқан компаниялар өңірдегі әлеуметтік мәселелерге ден қоюға міндеттеліп отыр. Өңір халқының бастамасымен құрылған «Кішкентай ел» әлеуметтік ауылы мүгедектігі бар адамдарды емдеу мен жануарларға қамқор болудың жаңа тәсілдерін жолға қойған.

«Атырау — маленькая страна» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Күмісқалиев орталықта жылқыдан бастап, кішігірім құстарға дейінгі түрлі тіршілік иелері ерекше жағдайдағы балаларды оңалтуға қолданылатынын жеткізді.

— Ең бастысы әр жануармен емдеуге арнайы ғылыми негіздеме жазылып, емдеу бағдарламасына ресми рұқсат алынған. Бүгінде әлем елдерінен Атыраудағы «Кішкентай ел» ауылына емделушілер ағылып келіп жатыр, — дейді ол.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің сөзінше, Атырау өңірін ел экономикасының локомотиві, басты индустриялық аймақ деуге болады.

— Елге салынып жатқан инвестицияның көп бөлігі осы Атырау облысына бағытталып жатыр. Кейінгі кезде Қытайдың көптеген компаниясымен, көршілес Татарстан компанияларымен әріптестік қарқынды дамып жатыр. Сол инвесторларды тарта отырып, осы Атырау өлкесінде арнайы индустриялық аймақ құрып, сол аймақта бірлескен жобаларды іске асырып жатырмыз, — дейді ол.
Бұған дейін Атыраудағы «Самал» қосалқы станциясы қараша айында іске қосылатынын жазған едік.