Мұнай кен орындарын барлау жұмыстары өте мардымсыз — депутат сынға алды
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа мұнай кен орындарын барлауға тым аз қаражат бағытталып жатыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов мәлім етті.

«Бүгін үш мұнай өңдеу зауытына берілетін шикізат жөнінде айтылды. Біздің отандық мұнай өндірушілер қоры азайған, экономикалық тұрғыда өте ауыр жобалармен жұмыс істеп жатыр. Сондықтан таяу жылдары мұнай өндіруді 10 млн тоннаға өсірмек түгілі, қазіргі мөлшерде ұстап тұрудың өзі үлкен қиындыққа әкелгелі жатыр. Осы мәселеге назар аудару керек. Атап айтқанда, барлау жұмыстарына қатысты жүзеге асырылып жатқан іс-қимылдар өте мардымсыз», — деді Б. Ізмұхамбетов.
Депутаттың пайымынша, кен орындарын барлауға қаражат жеткіліксіз көлемде жұмсалып жатыр
«Бүгін Мәжілістегі баяндамада (Энергетика министрлігінің) геологиялық барлау жұмыстарына 2030 жылға дейін 5 млрд АҚШ доллары сомасында инвестиция салынатыны айтылды. Бұл тұрғыда жылына 1 млрд долларға жетпейтін сомада қаражат жұмсалмақ. Осы қаражат барлауға жетпейді, яғни бұл қарқынмен жоспардағы жобалар орындалмай қалуы мүмкін. Саладағы барлау жұмыстарына бұдан көбірек қаржыны қарастыру керек», — деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2024 жылы шамамен 88,4 млн тонна мұнай өндірілсе, 68,8 млн тоннасы экспортталады.
2026 жылдан Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 100 млн тоннадан асады.