Қазақстан мұнайын тасымалдаудың қосымша бағыттары іске қосылады - министрлік
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан мұнайын тасымалдау бағыттарына түсінік берді.
«Қазір Каспий құбыры консорциумы (КҚК) Қазақстан мұнайын экспорттаудың ең сенімді және тиімді бағыты саналады. Жобаны әзірлеудің барлық кезеңдері бойынша инвестицияның жалпы көлемі 8,4 млрд доллардан астам қаржыны құрады. Бүгінгі таңда өткізу көлемін жылына 67 млн тоннадан 81,5 млн тоннаға дейін арттыруға техникалық мүмкіндік бар, оның ішінде Қазақстан учаскеcі үшін жылына 53,7 млн-нан 72,5 млн тоннаға дейін. 2024 жылға арналған экспорттау болжамы шамамен 88,4 млн тонна мұнай өндіру кезінде 68,8 млн тонна болуы мүмкін», - деді А.Сәтқалиев.
Парламент Мәжілістегі Үкімет сағатында мұнай саласын дамытуды талқылау кезінде.
Бұл тұрғыда негізгі бағыттар:
- Каспий құбыры консорциумы – 55,4 млн тонна мұнай;
- Атырау-Самара – 8,6 млн тонна;
- Қытай – 1,1 млн тонна;
- Ақтау порты – 3,6 млн тонна;
- Теміржол арқылы – 0,05 млн тонна.
Сонымен қатар, 2024 жылы Ресей мұнайын транзиттік тасымалдау жоспары аясында Қытайға 10 млн тонна, Өзбекстанға 200 мың тонна ескерілген.
«Бұл ретте 2023 жылдан бастап Германиядағы Шведт мұнай өңдеу зауытына «Дружба» жүйесі бойынша жеткізілімдер де жүргізілді. Биыл Шведтке 1,4 млн тонна мұнай экспорттау жоспарланған. Сонымен қатар мұнай өндірудің өсуін және жаңа теңіз жобаларын іске қосуды ескере отырып, орта мерзімді перспективада министрлік «ҚазМұнайГазбен» және басқа да мүдделі тараптармен бірлесіп, қосымша тасымалдау маршруттарын, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік жолы бойымен тасымалдауды дамытуды қарастырып отыр. Қазіргі уақытта «Баку – Тбилиси – Жейхан» бағыты ең перспективалы бағыттардың бірі саналатынын айта кету керек. Өйткені осы бағыттағы Қазақстан мұнайын жеткізу көлемін дамытуға және жүйелі түрде арттыруға біздің тарапымыздан да, әзербайжандық әріптестеріміздің тарапынан да қызығушылық бар», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, 2024 жылға «Баку – Тбилиси – Жейхан» маршруты арқылы 1,5 млн тонна Қазақстан мұнайын жеткізу жоспарланған. Осы маршрут бойынша жеткізу көлемін жылына 20 млн тоннаға дейін ұлғайту перспективалары зерттеліп жатыр. Атап айтқанда, «Баку – Супса» мұнай құбырының мүмкіндіктері де қарастырылып отыр. Өткізу қабілеті жылына 5 млн тоннаны құрайды, жеткізілетін көлем жылына 3 млн тоннаға дейін болуы мүмкін. Бұл маршрутты пайдалану мәселесі пысықталып жатыр.
«Ұзақ мерзімді перспективада «Ескене – Құрық» мұнай құбырын салу мәселесі де пысықталып отыр. Мұнай құбырының болжамды техникалық қуаты шамамен жылына 20-30 млн тонна болады», - деді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2026 жылдан Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 100 млн тоннадан асады.