Мұнай көлемін сызғышпен өлшеу әдісін жою керек - Андрей Лукин

Ақтөбеде өткен форум кезінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев мұнай мен газ ұрлығын жою үшін заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, жазаны күшейтуді ұсынды . Себебі, Ақтөбеде, тіпті елімізде мұнай ұрлығы азаймай тұр. Бас прокуратураның есебі бойынша, соңғы үш жылда 1 миллион тонна мұнай ұрланып, келтірілген залал 104 миллиард теңгені құрады.
«Соңғы үш жылда елімізде 189 миллион тонна мұнай, 118 миллиард текше метр газ өндірілді. Көлеңкелі айналым қаншалықты көп болса, мемлекет кірісі соншалықты азаяды. Бұл - өзекті проблема. Әлем бойынша жыл сайын көлеңкелі мұнай айналымы 100 миллиард доллардан асып түскен. Ал Ресейде жыл сайын 5 миллион тонна мұнай ұрланады. Қазақстанда соңғы үш жылда 1 миллион тонна мұнай көлеңкелі айналымға кеткен. Тергеу кезінде 104 миллиард теңге шығын тіркелді. Бұл тек анықталған, дәлелденген дерек. Прокуратура шын мәнінде жағдай мұнан да нашар болуы мүмкін деп топшалайды. Соңғы үш жылда елімізде 723 қылмыстық іс қозғалды. Барлығы 11 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Мұнай ұрлығы кезінде көмектескен шенеуніктер де жазаланды. Бірақ бұл шаралар мардымсыз. Бір мезетте қомақты ақша табу адамдарды қылмысқа итермелейді. Бір істі сотқа жіберіп, уақыт пен күшімізді жоғалтамыз, оның орнында тағы бір қылмыстық топ құрылып жатады. Мәселені кешенді шешу керек»,- деді Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин.
Мұнай ұрлығының жолын кесу үшін технологияны жаңартып, құбыр тесілген кезде қысымның төмендеуін тіркейтін кабель тартылуы тиіс. Бірнеше жыл бұрын «ҚазТрансОйл» компаниясы жаңа технологияны енгізіп, 2009 жылы 100 дерек тіркелсе, биыл 4 оқиға есепке алынды.
«Мұнай өндірісі автоматтандырылмаған. Кейбір компаниялар өндірген мұнай көлемін сызғышпен өлшейді. Бұл жерде мұнайшының бар айтқанына, оның адал жұмысшы екеніне сену ғана қалып тұр. Ал пайдақұмар жұмысшы мұнай көлемін азайтып көрсетіп, қалғанын ұрлауы мүмкін. Ақтөбедегі «Сағыз Петролиум» компаниясының операторлары мен күзетшілері осы жолмен түнде мұнай сатқан. Олар 500 тонна мұнай ұрлады. Қазір тергеу жүріп жатыр»,- деді Андрей Лукин.
Елімізде уақытша тоқтатылған мұнай ұңғымаларында күзет те әлсіз. Кейбір кен орындары бақылаусыз қалған. Адами факторды азайту үшін кен орнына бейне бақылау камерасын қондырып, алыстан басқаруға, қадағалауға мүмкіндік жасалуы тиіс. Бұл да ұрлық көлемін азайтатын әдіс. Сонымен қатар, компаниялар жыл сайын ішкі қажеттілік пен техникалық шығын ретінде 350 мың тонна мұнайды есептен шығарады. Ал есептен шығару нормативтері Кеңес үкіметі кезінен қалған. Бас прокуратура технология өзгертіп, жаңартуды ұсынды.
«Мұнай басқа атаумен сыртқа шығарылып жатыр. Ол үшін құрамы сәл өзгертіледі, атау беріп,сапа паспортын жасап, шекара асырады. Қазір мұнай өнімдерінің 100-ден астам түрі бар. Шын мәнінде бәрі сол мұнай. Энергетика министрлігі бұл жұмысты цифрландыруы керек. Қазір кен өндірушілердің берген есебіне сүйенеміз. Бұл дұрыс емес. Біз басқа құрылымдардың ақпаратын алып, салыстыруымыз керек. Мемлекеттік кірістер, кеден, Қазақстан темір жолы, «ҚазТрансОйл» компаниясының деректерін салыстырған дұрыс. Біз зерттеу жүргіздік. Құқықтық статистика комитеті өз бағдарламасы арқылы мұнай компаниялары берген деректерді тексерді. Энергетика министрлігі мен кеденшілердің дерегі салыстырылып, 40 компанияның есебінен айырмашылық табылды. Нәтижесінде компаниялар өндірген мұнайдан экспорттаған мұнай көлемі көп болып шықты»,- деді Андрей Лукин.