Мұрат Сабыр: Елдің тыныштығы - ұлы бақыт, БҚО (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - ХХІ ғасыр басындағы жаһандану дәуірінде отбасы құндылығы, рухани тәрбие мәселелері күн тәртібінен түспек емес. Қазақтың қанымен сіңген қазақы тәрбиенің жарқын көрінісі, қала жағдайындағы қазақы шаңырақ ретінде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңінде екінші орынды иеленген, Орал қаласында тұратын Мұрат Сабырдың отбасын айрықша атауға болады.
None
None

Өзінің бар ғұмырын ғылымға арнап келе жатқан отбасының отағасы, елімізге танымал ғалым, ұстаз, қоғам қайраткері Мұрат Бөкенбайұлы - филология ғылымдарының докторы, профессор, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының екі мәрте иегері (2007, 2012). ҚР білім беру ісінің үздік қызметкері (2007). 2011 жылы Президенттің «Болашақ» халықаралық степендиясының иегері болып, Түркияның Мәрмәр университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінде дәріс беріп, ұстаздық ететін профессор 5 монографияның, 6 оқу құралының, 200-ден астам ғылыми мақалалардың авторы.

Отағасы қазіргі кемелденген шағында туған жерін тұғыр етіп, өскен еліне аянбай қызмет етуде. Ол - бүгін алыс-жақын шет елдерге танымал тілші, түркітанушы ғалым, қазақ тіл білімінің Батыс Қазақстан өңіріндегі, Оралдағы белгілі өкілі. Тіліміздің өркен жаюына атсалысып жүрген абзал азамат. Ана тілін ардақтап, салт-дәстүрін сақтай білетін Мұрат Бөкенбайұлы - әкелік міндетін адал орындап, егемен елдің жас ұрпағын тәрбиелеп отырған отбасы иесі. Жары Ғалия - Орал қаласындағы №1 жалпы орта білім беретін мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстаз. Бірнеше жыл бойы ұстаздық қызметтен қол үзбей жүріп, Арайлымдай қыз, Ерасыл мен Нұрасылдай ұлдарды дүниеге әкелді. Ұлы Мұхтар Әуезов «Ел болам десең, бесігіңді түзе», - дегенде, келіннің, отанасының тәрбиесін айтып отыр. Бесігі мықты шаңырақтың түтіні түзу ұшады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылғанындай, «Мәңгілік елге» жетуді мұрат етіп, бірлігі артқан, мәртебесі күн санап биіктеген алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылуды көздеген қазақ ұлты - келіндермен көсегесі көгерген мәртебелі халық. Қазақ келіні ұя бұзбаған, үлкеннің алдынан аттап өтпеген, ана да, дана да бола білген. Сабырлар әулетінің келіні Ғалия Камалқызы да - сол қазақ келіндерінің, Домалақ анадай аналардың жалғасы. Ол - қазақтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінің қызы (анасы Тәжігүл - батыр ана, 6 ұл, 6 қыз тәрбиелеп өсірген, Ғалия отбасындағы 7-інші бала, әкесі Камал Асқаров - Сыр өңіріне танымал жан, агроном болып, еліміздің күріш шаруашылығын дамытуда елеулі еңбек сіңірген). Алты Алаштың анасы Сыр өңірінің қызы Ғалия Жайыққа өнегелі, ағайын, туысқа сыйлы келін бола білді. Мұрат білім қуып, Алматыда аспирантурада, докторантурада жүрген жылдарда ата-ененің қолында, бесігін тербетіп отырды. Балаларының бойына қазақы тәрбиені сіңіре білді. Осындай тәрбиенің жемісі болса керек, бүгінде егіз ұл Ерасыл мен Нұрасыл домбыраның құлағында ойнайды, екеуі де №1 Орал қалалық музыка мектебін бітірген. Биыл 9 сыныпты аяқтаған Ерасылдың мақсаты - журналист болу. Мақалалары республикалық «Ұлан» газетінде жарияланып тұрады. 2015 жылы «Журналист болғым келеді» атты республикалық конкурстың бас жүлдегері атанды. Екі ұлдың да спортқа қабілеттері жақсы. Бос уақыттарында футбол ойнау, суға жүзу, қыс мезгілдерінде шаңғы тебу - сүйікті істері. Балаларды еңбекке тәрбиелеуді әкесі Мұрат бірінші орынға қояды. Үй ауласындағы бау-бақшаны өсіру, баптауда екі ұлдың еңбегі зор. Ал шаңырақтың тұңғышы Арайлым бой жетіп, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін «Стандарттау және сертификаттау, метрология» мамандығы бойынша бітірді. Студент кезінде жас ғалымдардың республикалық конференцияларына қатысып, жүлделі орындар алып жүрді. Заманауи біліммен қаруланған Арайлым мамандығы бойынша еңбек етуде. Отбасы - шағын мемлекет. «Елін сүйер, сеніңіз, Өз семьясын сүйе алған», - деп Қасым Аманжолов тауып айтқан. Қазақстанның тірегі, ұлттың ұйтқысы - ұлттық құндылықты жоғары ұстайтын, өз елін сүйетін осындай шаңырақтар. Зиялы қауым өкілдері Мұрат пен Ғалия - еліміздің ғылымы мен білімі саласында айтарлықтай үлес қосып, жас ұрпақ тәрбиесінде елеулі еңбек етіп жүрген тұлғалар. Мерейлі асқан Сабырлар отбасының ұстанымдары: ақыл, білім, ғылым, өнер, мінезді тірек етіп, салауатты өмір салты арқылы табысқа жету. Ең бастысы, Елбасы ұсынған интеллектуалды ұлт тәрбиесіне өз үлестерін қосу. - Мұрат Бөкенбайұлы, айтыңызшы, отбасы бақыты дегеніміз не? - деген сауал қойдық біз. - Бастың амандығы, бауырдың бүтіндігі бір бақыт болса, елдің тыныштығы - ұлы бақыт. Елбасымыздың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында атап көрсетілген «Үлкен ел - үлкен отбасы» жобасы аясында Қазақ елінің біртектілігін нығайтып, азаматтық қоғамның бүтіндігін нықтау жолында аянбай қызмет етіп, абырой биігінен көріне білсек, сол - бақыт. - Ал отбасы мұраты дегеніміз не? - Отбасы мұраты - Елбасы ұсынған бес институттық реформа «100 нақты қадам» атты ұлтымыздың төл жоспарын жүзеге асыруға үлес қосу. ХХІ ғасыр - қазақ ұлтының өркендеу дәуірі. Мәңгілік ел болу үшін ұлттық құндылықтарымызды орнықтыру, әлемдік мәдениеттердің желіне ығып кетпеу, білім мен біліктің заманында бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу - Сабырлар отбасының басты мақсаты.

Соңғы жаңалықтар
Референдум